25.11.2025, 23:55
Оқылды: 76

Оралда «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық жыр мүшәйрасы өтті

Қараша айының соңғы шуақты күндерінің бірі Орал қаласының жас өнерпаздары үшін ерекше есте қалмақ.

Бүгін Жастар мәдениет сарайында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты қалалық жыр мүшәйрасы – туған тілге деген құрмет пен поэзияға деген құштарлықты тоғыстырған ұлағатты шара болды.

image-25-11-25-11-32-8

Шара басында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Мерғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мүшәйраның басты мақсаты – жас буынның ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттың рухани байлығын жыр арқылы дәріптеу, оқушыларға ақындық өнердің қыр-сырын таныту. Байқауға қаладағы барлық білім беру ұйымдарының 5–8 сынып оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.

image-25-11-25-11-32-12

Жыр додасы екі аталым бойынша өрбіді. Алғашқысы – «Тілім – байлығым», мұнда оқушылар қазақ әдебиетінің үш классигінің тіл туралы өлеңдерін жатқа оқып, көркем оқу шеберлігін көрсетті. Сахна мәдениеті мен дауыс мәнері сынға түскен бұл кезең жас көркемсөз шеберлерінің дайындығы мен талпынысын айқын көрсетті.

image-25-11-25-11-32-16

Екінші аталым – «Жыр жазамын жүрегімнен». Бұл бөлімде оқушылар туған тіліне арналған өздерінің авторлық өлеңдерін ұсынды. Ой тереңдігі, тіл өрнегі, поэтикалық қуат пен образдылық – барлығы да әділ қазылар үшін бағалаудың басты өлшеміне айналды. Өз үні бар жас ақындар сахнаға шығып, жүректерінен төгілген жырларын еркін жеткізді.

Сайысқа баға берген қазылар алқасы – өңірдің білім, мәдениет, журналистика мен әдебиет саласындағы белгілі тұлғалар.

image-25-11-25-11-32-14
Атап айтсақ, көркемсөз оқу аталымында Әсел Мәмбетова, Біржан Кухаев, Ерлан Жұматаев қазылық етіп, жас дарындардың өнеріне жан-жақты баға берсе, Талап Таймасұлы, Алима Тасимова, Дәурен Шамұратов жас ақындардың ақындыққа деген алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар ұсынды.

Нәтижесінде, мәнерлеп оқу аталымы бойынша ІІІ орынды Самат Қайсар, ІІ орынды Асылай Каженова мен Інжу Бақтығали тең бөліссе, І орынға Тұрлан Сағидолла, Бас жүлдеге Гүлхан Бақтығали лайық деп танылды.

image-25-11-25-11-32-5

«Жар жазамын жүрегімнен» жас ақындар бөлімінде Бас жүлде Қайсар Амангелдіге бұйырса, І орынды Бақберген Ажығұл, ІІ орынды Ернұр Ермекқали мен Айбек Қуаныш өзара бөліссе, ІІІ орынды Айасыл Досхан мен Виктория Воробьева қанағат тұтты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен бағалы сыйлықтар, кітаптар тарту етілді. Одан бөлек қатысушыларға алғысхаттар мен кітаптар табысталды.

Айжан Бауыржанқызы

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале