Орал қаласындағы Атамекен кәсіпкерлік палатасында «Президенттің бес әлеметтік бастамасына» орай студенттерді жатақханамен қамту мәселесі төңірегінде жиын өтті. Шараға ҚР ҰЭМ «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Матаев, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Басқармасы төрағасының орынбасарының айтуынша, студенттерді жатақханамен қамту мемлекеттік тапсырыс негізінде және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жүзеге аспақ. Яғни жеке кәсіпкер меншігіндегі бос тұрған ғимараттарды, мәселен, мемлекет меншігінде, банкте кепілдікте тұрған мүліктер мен бұрынғы қонақ үйлерді де қолға алып, студенттер үйіне айналдыруға мүмкіндік беріледі. Егер жаңа құрылыс болса мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпкерге әр студент үшін 122 айлық есептік көрсеткіш шеңберінде, ал құрылыс қайта құрылған нысан болса бұл сома 47 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Аталған жоба студенттер сұранысын толықтырумен қатар, кәсіпкерлерге де мол мүмкіндік береді.
-Қазіргі таңда бұрынғы салынған жатақханадай емес, студенттер үйін салу керек. Студенттер үйінде студент тек қонып қана қоймай, оқуға еркін дайындалып, өзін жан-жақты дамытуы қажет. Сондықтан салынатын студенттер үйінде оқу залдары, компьютер, жаттығу залдары және кафе, асхана, шаштараз болуы қажет. Осы бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін кәсіпкерлерді жобаға ат салысуға шақырамыз. Біздің орталық кәсіпкерлерге жаңа жатақхана құрылысын салумен шектелмей, дайын тұрған бос ғимараттарды студенттер үйіне айналдыруды ұсынады. Бұл үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарастырған. Оның үстіне, жекеменшік-әріптестік заңы бойынша мемлекеттік тапсырыспен қоса, жергілікті бюджеттен мемлекет қолдауын алуға болады. Келісім шарт мерзімі аяқталған соң ғимаратты кәсіпкер үлесіне алуына немесе коммуналдық мекеме етіп келісімшартқа отыруға болады,– дейді Талғат Матаев.
Гүлсезім БИЯШЕВА,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!