29.01.2019, 18:42
Оқылды: 23

Оралда мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаушыларға үкім шықты

Бүгін БҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Ресейден мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдады деп айыпталушыларға қатысты сот үкімі шықты.

 sot

2014 жылдың маусым айының аяғы мен 2017 жылдың 5 қыркүйек күндері аралығында күдіктілер жекеменшікке және экономикалық қызмет саласында, қоғамдық тәртіпке және қоғамдық қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасаған. 

Сот отырысында мәлім болғанындай, Қайрат Намазбаев трансұлттық ұйымдасқан топ құрып, оған өзі басшылық еткен. Жандос Қайырбаев, Тимур Қалиев, Айбек Балтұрманов, Нұрлан Кенженов те осы ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеттеріне қатысқан. Олар шыққан тегі белгісіз мұнай және мұнай өнімдерін аса ірі көлемде құжатсыз иеленіп, әлденеше мәрте өткізген және тасымалдаған. Салық төлеуден және өзге де бюджеттік төлемдерді төлеуден жалтарып, кірістер мен шығыстар туралы ақпараттарды бұрмалап, шот-фактураны пайдалана отырып, қызметтер көрсету, тауарларды тиеу жұмыстарын іс жүзінде орындамай, ірі көлемде салық және салық төлемдерін  төлеуден жалтарған.

Сот Қайрат Намазбаевты ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 197-бабы «Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, иелену, сату, сақтау, сондай-ақ оларды шығарудың заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнай өңдеу», ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 218-бабы «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру» және 264-бабы «Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» бойынша және 28-бабы 3-бөлігімен, 244-бабы, 245-бабы 3-бөлігімен айыпты деп таныды. Сот шешімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды және мерзімін қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғарғы қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болды.

Сондай-ақ сот Ж. Қайырбаевты ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 197, 218, 264-баптары бойынша айыпты деп таныды және оған  8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі ақырғы жазаны тағайындады. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Т. Қалиев, А. Балтұрманов, Нұрлан Қаженовтердің әрқайсысы ҚК-нің 197, 218, 264-баптары бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі ақырғы жазаны «арқалады» және олар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сот Б. Жақатаевты ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 216-бабы «Шын мәнінде жұмыстарды орындамай, қызметтер көрсететін, жүк тасымалдайтын тауарларды есепке алмай, шот-фактураны ресімдеу жөніндегі іс-әрекеттер жасау» бойынша айыпты деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айырды. Ол да жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орта қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сот қаулысымен сотталғандардан мемлекет пайдасына 539 млн. теңге өндіріледі және істі болғандардың қылмыстық жолмен тапқан 3 млрд. 925 млн. теңге көлеміндегі мүлкі тәркіленеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Гүлбаршын Әжігереева,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале