22.03.2026, 16:28
Оқылды: 44

Оралда Наурыз мейрамына 50 мыңнан астам адам жиналды

22 наурыз күні Орал қаласында көктемнің басты мерекесі – Наурыз кең көлемде аталып өтті. Таңғы сағаттардан бастап орталық алаңдарға жиналған тұрғындар мен қала қонақтары үшін киіз үйлер тігіліп, жәрмеңкелер мен концерттік алаңдар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мерекелік шараларға 50 мыңнан астам адам қатысты.

1a0c01b9-c588-49c7-99a4-098cb47a3053

Қала тұрғындары ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер туындыларымен танысып, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды тамашалады. Халықтық бірліктің көрінісін ұлттық ойындар, алтыбақан және көпшілік серуендер айшықтай түсті.

db616bbb-cb25-45b7-b830-a4ffa30f05c2

Тұрғындар мерекенің ерекше маңызын атап өтті.
«Наурыз – бұл жай ғана мереке емес, бұл біздің тамырымыз бен тарихымыз. Бүгін балаларымызды ертіп келіп, дәстүрімізді көрсеткіміз келді. Осындай күндер көп болса екен», – дейді қала тұрғыны Айгүл Сариева.

«Ұйымдастыру деңгейі жоғары. Ең бастысы – халықтың бірлігі мен көтеріңкі көңіл-күйі. Әсіресе ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрдің жас ұрпаққа жеткізіліп жатқаны маңызды», – деді зейнеткер Қанат Оразов.

5880dd76-55ee-4f20-b5be-a2b0a506bf1e

Салтанатты шара барысында облыс әкімі тұрғындарды құттықтап, Наурыздың бірлік пен келісімнің, ұрпақтар сабақтастығының символы екенін атап өтті. Сонымен қатар, мереке қарсаңында 43 отбасының жаңа баспанаға ие болғанын айтып, өңірдегі әлеуметтік қолдау шараларына тоқталды. Бұдан бөлек, аймақтың дамуындағы оң өзгерістер мен инвестициялық белсенділіктің артқаны да тілге тиек етілді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жүзеге асқан «Наурызнама» онкүндігіне ерекше назар аударылды. Оның аясында Отбасы күнінде ұзақ жыл бірге өмір сүрген жұптар құрметтеліп, отбасы құндылықтары насихатталды. Ұлттық спорт күнінде «Бабалар ізімен» лигасының жаңа маусымы басталып, дәстүрлі ойындар заманауи технологиялармен ұштастырылды. Сонымен қатар күн сайын театрландырылған қойылымдар, қолданбалы өнер көрмелері ұйымдастырылып, «Digital Nauryz» аясында цифрландыру элементтері енгізілді.

ecf2b8be-0ad9-48ef-a361-85622ef1adcf

Алдағы уақытта «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өткізіліп, көгалдандыру жұмыстары жалғасын табады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале