Кеше Оралда Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы, аудармашы, ҚР мәдениет саласының үздігі Эльмира Мақашева «Нора» драмасын сахналады.
Қойылым норвег драматургі, ақын, публицист Генрик Ибсеннің «Қуыршақ үй» пъесасының желісі бойынша моноспектакль ретінде қойылды. Әлемдік драматургиядағы әйгілі әрі астарлы пъесалардың бірі болып есептелетін «Қуыршақ үй» пъесасының негізінде 1879 жылы жазған. Шығарманы қазақ тіліне аударған – Эльмира Мақашева, қоюшы режиссер – Баатырбек Шамбетов, қоюшы суретші – «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Мұрат Мамбетов, костюм суретшісі – Елена Кузнецова, хореограф – Әзірбайжан Мәмбетов атындағы төсбелгісінің иегері Гүлдана Қадерова.
«Нора» моноспектаклі актриса Эльмира Мақашеваның мерейтойлық бенефисі. Әдетте адамдар өзінің мерейтойын ерекше және есте қаларлықтай өткізгісі келетіні белгілі. Эльмира Жұмажанқызы болса мерейтойында ерекше шығармашылық шешім қабылдап, көрерменіне моноспектакль сыйлады. Яғни, қойылымда бірнеше кейіпкердің рөлін бір өзі сомдады. Бас кейіпкер Нора, Нораның күйеуі, адвокат Торвальд, Нораның құрбысы фру Линне және жеке адвокат Крогстад – осы кейіпкерлердің барлығын Эльмира Мақашева өзі алып шықты. Қойылымның сәтті, актер ойынының шебер әрі сенімді шыққаны көрерменнің жүзінен көрініп тұрды.
Теректі ауданы Ақжайық ауылының тұрғыны Тілек, өзінің Эльмира Мақашеваның шығармашылығын үнемі бақылап, қойылымдарын үзбей көріп жүретінін айтты. Қойылым туралы сұрағымызға:
- Қойылымға жанұямызбен келдік. Өте керемет, тамаша демалып қалдық. Сахнада жалғыз бір кісі үш-төрт рөлді ойнап, нәтижесінде бәрімізге түсінікті болды, өзіміз ішінде жүргендей әсер алдық. Шетел драматургінің шығармасын аударды, қойды. Спектакль қазіргі өмірдегі жанұядағы қарым-қатынас, бір-бірін бағалау, сыйлауды көрсетті, - деді.
«Нора» моноспектаклінің өміршеңдігі – ол ғасырдан астам уақыт бұрын жазылса да, күні бүгін өзекті бірқатар маңызды мәселені көтереді. Ол – сезім, сүйіспеншілік, жауапкершілік, сенім, опасыздық, жанұядағы қарым-қатынастар, әйел адамның қоғамдағы орны мен рөлі.
Қойылым соңында өмір бойы әкесінің тәрбиесі, көзқарасы, ойымен тәрбиеленіп өскен Нора, тұрмыс құрған соң күйеуі Торвальдтың көзқарасын қабылдап, күйеуінің нұсқауымен өмір сүргенін, өз ойы мен көзқарасы болмағанын мойындайды. Сол кезде ғана өзінің тек үнсіз, көнбіс әйел болғанын, оның әкесі мен күйеуін аурудан құтқару үшін жасаған құрбандығы олар үшін маңызды емес екенін түсінеді. Сөйтіп Торвальдпен бірге өмір сүруден бас тартады.
Эльмира Мақашеваның мерейтойы және бенефисінде БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұханғалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан құттықтау хатын табыстады. Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Темиров Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанованың және Сарыөмір ауылының тұрғындары атынан құттықтау тілегін жеткізді.
Альфия Шамаева,
Фотоға түсірген: Мәди Салық
zhaikpress.kz