29.11.2023, 18:00
Оқылды: 47

Оралда оқушылар мен студенттер әскерилердің жұмысымен танысты

 

Оралда орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне қаладағы барлық білім беру мекемесінен, Сырым ауданынан және облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатынан жалпы саны 550-ден астам оқушы мен студент келіп әскерилердің бір күндік жұмысымен танысты.

бүркіт (1)

Әскери бөлім аумағында ұйымдастырылған шара аясында қонақтар әскери өмірді көріп, әскери киім үлгілері, техника және қару-жарақ түрлерімен танысты.

Қонақтарды тәрбие бөлімшесінің бастығы майор Нұртілек Ғалымжанов қарсы алып, Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқаратын негізгі міндеттерін, жауынгерлік тапсырмалары туралы айтты.

Сондай-ақ әскери бөлім жеке құрамы атқаратын жауынгерлік қызметтердің ерекшеліктері туралы айтып оның құрылу тарихына тоқталды.

бүркіт (2)

Келген қонақтарға әскери бөлімнің жеке құрамы арнайы дайындаған көрме нысандарын ұсынды. Саптық алаңда оқушылар мен студенттерге арнап қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскери қызметшілер қонақтарға заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери техникалар мен қорғаныс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып берді. Әскери бөлімге келген оқушылар мен студенттер экскурсия жасап, спорт қалашығы, асхана және сарбаздардың тұратын казармаларымен танысты. Сонымен қатар саптық алаңда сарбаздар келген қонақтарға саптық дайындықтың қарумен және қарусыз орындалу тәртібін, ұрыс кезіндегі қолданбалы тактикалық тәсілдерді, бұзақыларды ұстау, қоян-қолтық ұрыс, іздеуде жүрген қылмыскерлерді қызметтік иттің көмегі арқылы қалай ұсталатынын көрсетті.

бүркіт (3)

Әскери бөлімге келген қонақтар әр қойылым барысында саптық алаңда әскери іс-қимылдарды орындап жатқан жауынгерлерге қол соғып қошеметтеп, өздерінің ризашылықтарын білдірді.

- Әскери бөлім аумағында жастар арасында әскери қызметке деген идеологиялық жұмысты жандандыру мен патриотизмге тәрбиелеу мақсатында Орал қаласының жоғарғы сынып оқушылары мен студенттеріне арналған «Ашық есік» күнін өткізіп отырмыз. Мұндағы мақсат жастарды әскери өмірдің қыр-сырымен таныстырып, Отанды сүю, оны қорғауға деген құлшыныстарын арттыру, – деді 5517 әскери бөлімінің тәрбие бөлімшесінің аға офицері майор Алмагүл Жұмабекова.

бүркіт (4)

Қонақтар бөлімнің аумағымен танысып болғаннан кейін, әскери бөлімнің клубында әскери жоғарғы оқу орындарға тарту мақсатында Ұлттық ұланның академиясы туралы бейнероликтер көрсетіліп, тәрбие бөлімшесінің офицерлері әскери оқу орны туралы тереңірек түсіндіріп үгіт насихат өткізді.

бүркіт (5)

Сонымен қатар бөлімнің әскери қызметшілері әскери оқу орындарына түсуге қызығушылық танытқан оқушылар мен студенттердің сұрақтарына жауап берді. Осы тұста айта кетейік, шара соңында 15 жоғарғы сынып оқушысы әскери оқу орнына түсуге ниет білдіріп оқуға түсу үшін қажетті құжаттар тізімін сұратты.

бүркіт (6)

Солардың бірі Круглоозерный мектебінің 11-сынып оқушысы Досжан Жауынбаев.

- Өңірімізде орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөліміне келіп бөлімнің, сарбаздардың өмірімен таныстық. Бұл менің әскери бөлімге алғаш келуім. Осы уақытқа дейін әскер туралы теледидардан көріп, естіп жүрміз. Алайда соның барлығын өз көзіңмен көріп, жауынгерлік қаруларды қолыңмен ұстап көрген мүлдем басқаша сезім екен. Сонымен қатар әскерилер бүгін бізге түрлі әдіс-тәсіл көрсетті. Солардың ішінде өзіме ерекше ұнағаны қызметтік иттің пәрмендерді бұлжытпай орындағаны. Жалпы бүгінгі күннен алған әсерім ерекше, әскерилердің бір күндік өмірімен таныстым. Мұндағы тәртіп, тазалық барлығы маған қатты ұнады. Болашақта өзімнің өмір жолымды әскери өмірмен байланыстырсам деймін, - деді Досжан Жауынбаев.

бүркіт (9)

Студенттер мен оқушылар әскери қызметкерлерге осындай ұйымдастырылған шара үшін шексіз алғыстарын білдіріп, әскерилердің ел қорғау ісіне толағай табыс тіледі.

Әубәкір Ертуған,

капитан

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале