26.02.2021, 16:48
Оқылды: 59

Оралда «Omega Sports» кешені ашылды

Бүгін Орал шаһарындағы Омега зауыты шағын ауданынан «Omega Sports» спорт кешені пайдаланылуға берілді. Инвестжоба ретінде «Юниор-Уральск» жеке кәсіпкерлігі салған нысанның жалпы аумағы 3000 шаршы метрді құраса, кешен ішінде футбол алаңы, балалар бассейні, аэробтық және фитнес зал, массажға арналған кабинеттер, спорттық киімдер дүкені мен дұрыс тамақтану кафесі орналасқан. Су жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев пен спорт ардагерлері қатысты.

IMG-20210226-WA0014

«Omega Sports» спорт кешенінің құрылтайшысы Данияр Ғабдуллиннің айтуынша, аталған нысан бір мезгілде 200 адамға дейін қабылдай алады. Спорт кешенінің тағы бір артықшылығы, мұнда ата-аналарға арналған жайлы күту залдары қарастырылған.

- Бұл нысанның жобасы екі жыл бұрын қолға алынған болатын. Спорт кешенінің құрылысы мен жабдықталуына 1 млрд. теңгедей қаражат жұмсалды. Арнайы талаптарға сай жабдықталып, жасанды жамылғы төселген футбол алаңының аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар үлкен және кіші бассейн залдарында балалар 2 жастан бастап 12 жасқа дейін жүзуге үйрене алады. Бұл жерлерде мүмкіндігі шектеулі балалардың да спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай қарастырылған. Қазірдің өзінде ерекше қамқорлықтағы 30-ға жуық бүлдіршін спорт кешеніне келіп, жаттығуда. Сондай-ақ көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары үйірмелерге тегін қатыса алады. Күні бүгін спорт кешенінде 40-қа жуық адам жұмыс жасаса, соның 25-і жаттықтырушылар. Жаз айларында қосымша арнайы жаттығу залдарын ашу да жоспарда бар. Жаңа спорт кешені тұрғындарды спортпен шұғылдануға баулып қана қоймай, спорт түрлерінің дамуын жаңа сапалық деңгейге шығаруға, қалалықтардың бос уақытын спортқа арнауға мүмкіндік береді деп сенемін, - деді Д.Ғабдуллин.

IMG-20210226-WA0015

Айта кетейік, спорт кешенінің басшылығы өткен жылы ресейлік «Спартак» клубымен келісім жасап, жаттықтырушылар мен жас футболшылардың Мәскеу қаласына барып, оқу-жаттығудан өтуіне қол жеткізген.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі қашанда өзекті болатынын атап өтті. Өңірде бұқаралық спортты дамыту және оған қолайлы жағдай жасау - басты міндеттеріміздің бірі. Алға қойған мақсаттарына жету үшін адамға алдымен денсаулық керек. Дені сау, көзі ашық, көкірегі ояу адам қай салада болмасын жемісті еңбек ететіні анық. Өткен жылы облысымызда бюджет және демеушілер есебінен 46 спорт алаңы салынды. Сондай-ақ былтыр Орал қаласында жеке кәсіпкерлердің қаражатына жеті спорт нысаны бой көтерген болатын. Биылда облыс орталығында 20 көпбейінді спорт алаңдарын салу көзделіп отыр. Мына керемет нысанды салған Данияр, Дамир есімді жерлестеріміз де өз кезектерінде спортпен шұғылданған жандар. Кейін кәсіппен айналысып, табысқа кенеліп, бүгін оралдықтарға осындай тарту жасап отыр. Бұл спорт кешені шет елдік талаптарға сай салынған. Осы орталықта тәрбеленуші жас спортшыларымыз биік белестерді бағындыра берсін. Алдағы уақытта ел абыройын асқақтатып, көк байрағымызды желбіретер жас дарындарымыз осы ортадан шықсын. Жұмыстарыңызға тек сәтті қадам тілеймін! - деді Ғали Есқалиев.

IMG-20210226-WA0016

Спорт кешенін аралап көрген облыс әкімі елдегі пандемияға байланысты жұмысы тұралап қалған мейрамханалардың иелері жаттығу залдары мен бассейн секілді пайдалы нысандарға айналдырса игі деген тілегін жеткізді.

IMG-20210226-WA0019

IMG-20210226-WA0021

IMG-20210226-WA0022

IMG-20210226-WA0017

IMG-20210226-WA0023

IMG-20210226-WA0020

Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале