19.04.2018, 9:54
Оқылды: 33

Оралда өрт-тактикалық жаттығуы өтті

«Орал» сауда ойын-сауық кешенінде өрт-тактикалық жаттығуы өткізілді. Бұл тактикалық жаттығу облыстық ТЖД-ға қарасты Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметіне аталмыш сауда кешенінің 4 қабатындағы ойын бөлмесінде өрт шықты деген хабарлама түсуіне байланысты басталды. Шартты «жану» аумағы 40 шаршы метрді құрады.

Кешенде дабыл қағылып, іште жүрген 150 адам қауіпсіз жерге көшірілді.  Дабыл бойынша келіп жеткен өрт сөндірушілер ғимарат ішіндегі «өрт құрсауында» қалған адамдарды сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметкерлерінің қолына табыстады. Өздерінің төтенше жағдай орын алғанда сауатты да шапшаң қимылдау қажеттігін білетін төтеншеліктер кәсіби әрі тактикалық шеберліктерін шыңдай түсті.

- Бұл жаттығуға біздің мекемеден 10 арнайы, негізгі және көмекші техника, жеке құрамнан 35 адам жұмылдырылды. Өрт сөндірушілермен бірге БҚО ТЖД-ның жедел-құтқару жасағы, жедел жәрдем қызметкерлері атсалысты. Мұндай оқу жаттығулар ҚР ІІМ ТЖК нұсқауымен ай сайын өткізіліп тұрады. Алдағы екі ай ішінде сауда орындары мен білім беру мекемелерінде 108 өрт-тактикалық жаттығу өткізу жоспарланған. Бұл біздің Орал қаласындағы 25 тактикалық сабағымыз, - деді БҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің бастығы, азаматтық қорғау майоры  Назарали Селимов.

«Орал» сауда ойын-сауық кешенінің бас инженері Юрий Парфенов мұндай оқу-тактикалық жаттығу таңсық емес екенін айтады. Бас инженердің сөзінше, сауда ойын-сауық кешеніндегі 100-ге жуық сауда нүктесінде 150 шақты қызметкер жұмыс жасайды. Бұл нысанға күніне 2000-дай адам келеді екен.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале