Кеше полицейлер Орал қаласындағы Шаған су қоймасы бекеті маңындағы көпірден секірмек болған жас келіншекті құтқарып қалды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әдеттегідей өздерінің кезекшілік міндетін атқарып жүрген облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің ІІ полиция батальоны (Орал қ.) полицейлері - полиция аға сержанттары Нұрбол Жангалиев пен Арман Орынбасаров сағат 11.30 шамасында бейнебақылау камерасы арқылы белгісіз азаматшаның көпірдің астымен өтіп бара жатқанын байқап қалады.
Камерадан көрінбей қалған азаматшаны іздеп, олар көпірдің астыңғы жағына шығады. Сол мезетте жас келіншектің көпірден секірейін деп жатқанын көріп, біреуі алдыңғы жақтан шығып, секірме деп айқайлап, тоқтатуға тырысады. Екіншісі көпірдің астынан шығып, азаматшаны құтқарып қалады.
"Жалпы су еріп, мұз кеткен соң осындай оқыс оқиғалар жиілейтінін байқап жүрміз. Биылғы жылға бірінші рет орын алып тұр. Біз оқыс оқиғаны облыстық полиция департаментіндегі кезекші бөлімге баяндап, суицид жасамақ болған азаматшаны аман-есен Абай бөліміне тапсырдық. Біздің жігіттер өмірмен қоштаспақ болып, қамыққан жандарды бұдан бұрын да бірнеше рет құтқарды. Бұл біздің жұмысымыз", – дейді облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің ІІ полиция батальонының взвод командирі, полиция капитаны Бакжарат Макаров.