24.11.2017, 17:47
Оқылды: 77

Оралда «Qazaq kitaptari 1929-1940 zhyl» көрмесі ашылды

        Оралдағы Салтанат сарайында «Qazaq kitaptari 1929-1940 zhyl» тақырыбында латын қарпінде жарық көрген кітаптар көрмесі ашылды.

         «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырған шараға мемлекеттік құрылым, ҮЕҰ және зиялы қауым өкілдері қатысты.

-Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланғаннан бері қоғамымызда үлкен рухани серпіліс сезілуде. Осы мақаланың үлкен бір бағыты – тіліміздің жаңғыруы, яғни латын тіліне көшу жайы. Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін латын қарпіне көшіру туралы» Жарлығына батысқазақстандықтар да өз қолдауын білдіріп, түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр. Бүгін де осы үрдіс жалғасып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы Ұлттық кітапхананың қолдауымен тағы бір мәні зор шара өткізіп жатқанына қуаныштымыз,-деді көрменің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Осынау шараға арнайы келген ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдешовтың айтуынша, латын қарпіне оралуда мұндай көрменің маңыз зор. Бұл көрмеге қойылған қазақ зиялы қауым өкілдерінің 1929-1940 жылдары шыққан еңбектерінде ұлтымыздың білігі мен ынтымақтастығы, ел болып қалыптасуда өткен жолы турасында көп жазылған. Сол себепті бұл шығармаларды оқудан сырт қалмаған жөн.

-Қазақ елі 1929-1940 жылдар аралығында латын қарпін пайдаланды. Осы уақытта көптеген еңбектер, оқулықтар шықты. Біз Ұлттық кітапханамен бірлесіп сол кездері латын қарпінде шыққан 1,5 мыңнан аса кітапті таптық. Бүгін сол кітаптардың 100-ден астамын әкеліп отырмыз. Батысқазақстандықтар  1 желтоқсанға дейін осы көрмені тегін тамашалап, кітаптарды оқып, жан дүниелерін байытады деп ойлаймын,-деді «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Мұхтар Манкеев.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале