Кеше Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында «XV-XIX ғ. ғ. қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталардағы галереясы» көрмесі салтанатты түрде ашылды.
Көрме ашылған соң «Атамекен» өнер ордасының конференция залында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың ІІІ Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары аясында «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік концеренция өтті.
Жиынға ғалымдар мен өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, сондай-ақ сала мамандары қатысты. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр іс-шараның тізгінін ұстап, баяндамашыларға сөз кезегін ұсынды.
Алдымен тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Тұяқбай Рысбеков өңірге келген қадірлі қонақ, белгілі картограф Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты қатысушыларға кеңінен таныстырды.
Одан әрі саяси ғылымдар докторы Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Қазақстанның мемлекеттілігі жөнінде тарихи деректер келтіріп, бүгінгі зерттеулер мен нәтижелер турасында ойын айтты. Өзге де профессорлар Қазақ мемлекеттілігі тарихының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызын қозғап, Жайық өзені бойындағы ортағасырлық елді мекендер туралы картографиялық деректер жайлы айтып, сонымен қатар жоғары оқу орындарында тарихи географияны оқыту мен қазіргі кездегі зерттеу мәселелеріне тоқталып өтті.
Қатысушылар арасында ой-пікірлерін ортаға салғандар мен сауалдарына нақты жауап алғандар да болды. Жиын соңында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов өңірге арнайы келген картограф Мұхит-Ардагер Сыдықназаровқа ризашылығын білдіріп, облыс әкімінің алғысхатын табыстады.
Аманжол Исламғали,
Фото: Мәди Салық
«Орал өңірі»