Бүгін Орал қаласында 15 наурызда өтетін Республикалық референдум қарсаңында ауқымды жастар форумы өтті. Ел өміріндегі маңызды кезеңде ұйымдастырылған шараға 2000-нан астам жоғары оқу орны мен колледж студенттері қатысып, Конституциялық өзгерістер төңірегінде ашық пікір алмасты.

Форумның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, елдік мәселелерге деген азаматтық жауапкершілігін күшейту және алдағы референдумның маңызын кеңінен түсіндіру. Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол мемлекет дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын, ортақ құндылықтарымыз бен болашаққа деген бағдарымызды көрсететін негізгі құжат екені кеңінен айтылды.
Іс-шара барысында медиа саласының мамандары, кәсіпкерлер, коалиция мүшелері сөз сөйлеп, конституциялық өзгерістердің саяси ғана емес, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан да маңызды екенін атап өтті. Спикерлер жастарды ел болашағына бейжай қарамай, белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Жастар атынан сахнаға белсенді азаматтар шықты. Солардың бірі – жайдарманшы Баянғалиев Әскербек.
«Конституция – біздің ортақ құндылықтарымыздың айнасы. Әрбір жас ел болашағына қатысты шешімдерге жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын саналы түрде жасауы керек», – деді ол.
Кәсіпкер Аминов Асланбек те Конституциялық өзгерістердің экономикалық маңызына тоқталды.
«Бұл өзгерістер – тек заң саласындағы түзетулер емес. Бұл – кәсіпкерлік еркіндікті кеңейтуге, бизнес ортаның тұрақтылығын арттыруға бағытталған қадам. Кәсіпкер үшін ең маңыздысы – әділдік пен айқын ереже. Егер бұл қағидалар Конституция деңгейінде бекітілсе, елге деген сенім де нығаяды», – деп атап өтті.
Форумнан кейін Аминов Асланбекпен шағын сұхбат та ұйымдастырылды.
– Асланбек, бүгінгі конституциялық өзгерістер кәсіпкерлерге нақты қандай мүмкіндік береді деп ойлайсыз?
– Ең алдымен, бұл – құқықтық тұрақтылық. Бизнес үшін болашақты сенімді жоспарлау өте маңызды. Заңнамалық негіз берік болса, инвестиция да, жаңа бастамалар да көбейеді. Сонымен қатар, бәсекелестік ортаның әділ қалыптасуына жол ашады деп сенемін.
– Жастарға қандай үндеу айтасыз?
– Жастар тек сырттай бақылаушы болмауы керек. Біз – осы елдің болашағымыз. Сондықтан референдум сияқты маңызды сәттерде өз позициямызды білдіру – азаматтық парызымыз.
Форум барысында студенттер де өз пікірлерін ортаға салды. Солардың бірі – Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің 1 курс студенті Асетов Мадияр.
«Біз, жастар, ел болашағына жауаптымыз. Референдум – өз ойыңды ашық білдірудің заңды жолы. Осындай форумдар арқылы біз өзгерістердің мәнін тереңірек түсінеміз. Әр студент саналы таңдау жасауға ұмтылуы керек деп ойлаймын», – деді ол.

Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу жас буынның ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті.

15 наурыздағы референдум қарсаңында ұйымдастырылған бұл форум – жастардың үні естілген, саналы шешім қабылдауға үндеген маңызды диалог алаңы болды.