19.10.2017, 10:07
Оқылды: 48

Оралда рухани келісім күніне арналған шаралар өтті

Орал қаласындағы Достық үйінде «Рухани келісім – халықтар бірлігіне бастар жол» атты шара өтті. Рухани келісім күніне орай ұйымдастырылған шараға мемлекеттік құрылымдардың, діни бірлестіктердің, этномәдени орталықтардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік шара елімізде ұлтаралық, дінаралық татулықты нығайту бағытында қолға алынып жатқан іс-шаралар көрініс тапқан бейнероликпен басталды.

-Тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағының астында жиналған барша отандасымыз жыл сайын қазан айында ұлтаралық татулық пен рухани келісім күнін атап өтеді. Рухани келісім күні адамгершіліктің, достықтың, толеранттылықтықтың символы болып табылады. Қазақ халқы үшін бүгінгі мерекенің орны бөлек. Себебі, ата-бабаларымыз әр уақытта ар мен ұятты, достықты, ынтымақтастықты жоғары бағалаған. Түрлі этнос өкілдері Қазақстанда өздерін еркін сезініп, бейбітшілікте өмір сүруі қазақ халқының бойына сіңген дархандық, мейрімділік және қонақжайлықтың арқасы. Бүгінгі жаһандану заманында осы адами құндылықтарымызды жоғалтпау – біздің міндетіміз.

Бүгінгі таңда мелекеттік құрылым Ассамблея, діни бірлестік, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп елімізде, соның ішінде облысымызда рухани келісімді сақтап, нығайту бағытында үлкен істер атқаруда. Соның нәтижесінде конфессияаралық толеранттылықтың қағидаттары мен нормалары бекітілді, түрлі діни бірлестіктер арасында өзара түсіністік қалыптасты. Рухани келісім – Тәуелсізідігіміздің  басты жетістігі екенін ұмытауымыз керек,-деді шарада алғаш болып сөз алған Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

ҚМДБ БҚО бойынша өкіл имамы Руслан Сұлтанов қасиетті Құран-кәрімнің аяттарында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде адамгершілік, бірлік, мейрімділік турасында көп айтылғанын жеткізді.

Оралдағы рим-католик приходының басшысы Цезары Пачей осындай ізгілікті шараны ұйымдастырған жергілікті атқарушы билік өкілдеріне өз ризашылығын жеткізіп, Қазақстандағы бейбітшілік пен ұлтаралық, дінаралық келісім әлем елдеріне үлгі екендігін мәлімдеді.

Кеш барысында облыстық ассамблеяның шығармашылық орталығының өнерпаздары, Орал медресесінің шәкірттері, Архангел Михаил соборының хоры әнмен шашу шашты.

Шара соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Медхат Қамбетов облысымыздағы діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтары өкілдерінің батысқазақатандықтарға арнаған үндеуін оқыды.

Рухани келісім күніне арналған шаралар түсқайта да жалғасын тапты. Облыстық жоғары спорттық жетістіктер мектебінде өңіріміздегі түрлі діни конфессиялар өкілдері шағын футболдан сынға түсті.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале