6.06.2024, 11:45
Оқылды: 96

Оралда салт-дәстүрмен сабақтасқан сән фестивалі өтті

«Атамекен» өнер ордасында «Aqjayiq Fashion Festival» сән фестивалінің ІІІ маусымы «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атауымен өтті.

BC81BAEB-5062-4BC0-BD34-033B87B18AAD

Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне арналған сән көрсетіліміне сонау Түркия еліне белгілі дизайнер, «Art Fashion Week Europe» негізін қалаушы Айдын Ачик, Қырғызстан дизайнерлер ассоциациясының белсенді өкілі Нұрзат Жеенбек, РФ Татар-стан Республикасынан келген делегацияны бастаушы Қазан мемлекеттік өнер-мәдениет институтының доценті, Еуразиялық этнодизайнерлер қауымдастығының мүшесі Расых Салахов, халықаралық сән апталықтарының қатысушысы Эльвина Давлиева, қазандық «Навруз» сән коллекциясының жас дизайнері Найля Бурганова және еліміздің Астана, Тараз, Ақтөбе, Атырау, Шымкент қалаларынан келген қонақтар қатысты.

IMG-20240606-WA0083(1)

Салтанатты іс-шарада өңірдегі дизайнер мамандар да бой көрсетті. Сондай-ақ аталмыш салаға қызығушылығы бар жастар да тамашалауға жиналды. Шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева қадірлі қонақтарға ризашылығын білдіріп, фестивальдің ІІІ маусымының ашылуымен құттықтады.

– Ақ Жайық өңірі – Еуропа мен Азияның алтын көпірі іспетті. Мұнда талай жыраулар мен ақындар, өнер тарландары мен батырлар мекен етіп, азаттықтың ақ таңы үшін күрескен. Бұл фестиваль биыл ерекше атаумен өтуде. Жалпы ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Қазақтың ұлттық киімі халықтың тамырын тереңге жайған қолданбалы өнерінің сарқылмас қазынасы екенін аңғаруға болады. Жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін өз киімдерімізді дәріптеу және сол арқылы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды кеңінен насихаттау өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы шеңберінде 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып белгіленгені баршаға белгілі. Дана Абайдың «Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген сөзі бар. Бүгінде ұлттық киім сән-салтанаты жағынан әлемде мойындалған брендке айналып отыр. Осы ретте өзге мемлекеттерден қазақстандық дизайнерлер қауымдастығын қолдап келген қонақтарға алғыс айтамын. Ұлттық киім – біздің ұлттық  нышанымыз, - деді Гүлжанар Болатқызы.

IMG-20240606-WA0087(1)

Айта кетейік, аталған фестивальдің алғашқы маусымында Қыз Жібек образы кеңінен дәріптелген болса, кезекті екінші жылда Тақсай ханшайымы, ал биыл Жәңгір хан мен Фатима бейнелері негізге алынған. Сән көрсетілімінде жиналған жұрттың назарына түрлі образдар, яғни 22 киім топтамасы ұсынылды. Әр топтама өзгеше бағытымен аутордың қиялы мен еңбегінен хабар беріп отырғандай болды. Сондай-ақ арасында «Отбасы» тақырыбындағы композиция қойылып, тамашалағандарға ой салып, ұлттық құндылықтарды насихаттады. Ондағы ұлттық киім мен шаңырақтың үлгісі белгілі бір уақыттан немесе ежелгі заманнан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырды. Шаңырақтың биік, керегенің кең және босағаның берік болуына ықпал ететін адами қасиеттер мен ұлттық тәрбиенің маңызы көрсетілді. Отбасындағы әкенің болмысы мен орны, ананың шексіз мейірімі һәм баланың ата-анаға қарап бой түзеуі образдар арқылы беріліп, қазақы таным-түсініктің тереңдігін дәлелдей түсті.

1D7DB077-DCAC-4CB5-BAAD-9517588F9398

Сән фестивалінің үш жыл қатарынан ұйымдастырылуына мұрындық болып келген облыстық киім дизайнерлер қауымдастығының төрайымы, жеке кәсіпкер Әсем Сырымова қолдау білдірген облыс әкімдігі мен облыстық қоғамдық даму басқармасына алғысын айтты.

– Бүгінде креативті индустрия жобасына жетекшілік етіп жүргендіктен мұндай шаралардың мән-маңызы жоғары екеніне сенемін. Өйткені осы фестиваль барысында өзге мемлекеттен келген қонақтармен меморандумға қол қойдық. Бұл алдағы уақытта салаға қызығатын өңір жастарының өзге елдерде тәжірибе алмасуына сеп болмақ. Ал сол тәжірибе біздегі жас дизайнерлердің таным көкжиегін кеңейтіп, халыққа үздік топтамаларын ұсынуларына мүмкіндік тудырады, - деді Әсем Кенжебайқызы.

Жалпы салтанатты іс-шараның мақсаты – тарихты таныту, ұлттық болмысқа жан бітіре отырып, киім өндірісі саласын дамыту. Сонымен қатар халық арасында отандық өнімге деген сұранысты арттыру және жастардың осы салаға қызығушылығын ояту.

IMG-20240606-WA0086

«Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты сән фестивалінің екінші күні облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов алыстан келген қонақтарға және жас дизайнерлердің алдағы жоба-жоспарларына сәттілік тілеп, бірқатарына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің  алғысхаттарын табыс етті. Астана қаласынан арнайы келген халықаралық деңгейдегі дизайнер Тоты Шекімованы сөзге тарттық.

– Зейнетке шыққаннан кейін осы киім үлгілерін ойлап табумен айналыса бастадым. Қазір 10 жылға жуықтап қалды. Менің сән топтамаларымды бірнеше адамнан құралған «Кербез» тобы жарқыратып көрсетуде. Фестиваль жыл сайын ерекше сипатта өтіп жүр, - деген ол оралдықтарға алғысы зор екенін жеткізді.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале