Бүгін А.Островский атындағы драма театр алдындағы алаңда тұрғындар жиналып, мерекелік концерт тамашалады. Шараны Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж бен аталған театр ұжымы ұйымдастырған.
Салтанатты шара барысында патриоттық тақырыптағы әндер шырқалып, отты өлеңдер оқылды. Жас өнерпаздар би биледі.
Арбат бойымен ағылған ағайын тоқтай қалып, Наурызды тойлап жатқандардың қатарын толықтырды. Жиналғандар асық, тоғызқұмалақ ойнап, ләңгі теуіп, гір көтерді. Кейбірі қол күресі бойынша сынға түсті. Бүлдіршіндер болса, ортаға шығып, «Қара жорға» биледі.
– Қазақ бұл мейрамды ғасырлар бойы тойлап келеді. Алдағы уақытта да осы үрдіс жалғасын табады деген ойдамын. Өскелең ұрпақтың бойына патриотизмді сіңіру үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсап, осындай мәнді-мағыналы іс-шаралар өткізуіміз керек. Еліміз дами берсін! Ақ мол болсын! – деді Орал қаласының тұрғыны Сапаралы Баймырзаев.
Наурыз тойына немерелерін ерте келген шаһарымыздың тағы бір тұрғыны Уазиха Рамазанова ауызбіршілікті, бірлікті нығайтатын мейрам жайында ойын айтты. Оның Әлихан есімді немересі қол күресінен жарысқа қатысты.
Дәл осындай салтанатты шара М.Мөңкеұлы тынымбағында да өтті. Қазанда қызыл қуырдақ бұрқ-сарқ қайнап, тұрғындар түрлі ұлттық тағамнан дәм татып жатты. Кейбіреулер атқа мініп, наурыз көже ішті. Сол аумақта біраз жылдан бері тұратын Мақсот Мырзақаев осы маңда Наурыздың жыл сайын тойланатынын жеткізді.
– Жастардың тарихқа үңіліп, ата-баба дәстүрін жалғауға құлшынуы үшін мейрам ауқымды түрде тойлануы тиіс деп ойлаймын. Қаламыз бойынша Наурыз жоғары деңгейде аталып өтілуде. Күн мен түн теңеліп, бір-бірімізбен қуана көрісіп, шаттанып жүрміз. Көңіліміз нұрланып, жанымыз жадырады. Мейрамнан мейрамға аман жетейік! Ұлттық киімді күн сайын кимесек те, осындай мереке-мейрамдарда, атаулы күндерде, жиын-тойларда кигеніміз жөн, – деді Орал қаласының тұрғыны Мұрат Көпбаев.
Айта кетейік, облыс орталығында арнайы белгіленген жалпы саны он сегіз орында Наурыз мерекесі тойланды.
Марлен Ғилымхан,
zhaikpress.kz