26.11.2024, 16:30
Оқылды: 10

Оралда Сәуле Қарабалинаның шығармашылық кеші өтті

«Жайығым – құтты мекенім!» атауымен Қадыр  Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет  саласының үздігі, ҚР Үздік мемлекеттік қызметкері Сәуле Қарабалинаның шығармашылық кеші өтті.

Қарабалина (1)

«Елеулі есімдер» жобасы аясында ұйымдастырылған кештің мақсаты – Сәуле Зайдағалиқызының  өнеге-лі өмірін кейінгі жастарға үлгі ету, ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарымызды сіңіру.

– Сәуле Зайдағалиқызы саналы ғұмырында 43 жыл қажырлы еңбек етіп, оның 23 жылын мемлекеттік қызметке арнаған жан. Сонымен қоса өзінің шығармашылығын да тастамады, мемлекеттік қызметпен қатар ала жүріп, көптеген әндерге сөз жазды. Елуге тарта ән сөзінің ауторы. Соның ішінде еліміздегі Әуе қорғаныс күштері Әскери институтының әнұранына айналған әннің сөзі Сәуле апамыздікі деп мақтанышпен айта аламыз. Аталған институтқа биыл 50 жыл толып отыр. Бүгінгі кеш – бір кешке сыймайтын, бір күнде айтып-бітпейтін өмір мен өнердің жолы, – деген БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев кеш иесіне облыс әкімінің алғысхатын табыстады.

Қарабалина (2)

Кешке жиналған көрерменнің қарасы қалың. Мерейтой иесін құттықтай келген Жайық жұртына танымал зиялы қауым өкілдері де бар. Құшағы гүлге толған кеш иесі өзі сөзін жазған әндердің ырғағына баяу тербеліп, жүзі нұрланып отырды.

– Сәуле апа, барша партияластардың атынан сізді зейнет жасына толуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Партияның мәдени саласындағы, қоғаммен жұмыстағы белсенді қызметіңіз үшін, өзіндік позицияңыз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз.  Бүгінгі кешке жиналған көрерменнің көптігі, тік тұрып тамашалап тұрғаны, құшағыңызды гүлге толтырғаны – бәрі-бәрі сізге деген ерекше құрмет пен ыстық ықыластың белгісі. Жастарға жалын беретін, қанаттандыратын «Айналайын» деген сөзіңіз үшін, ақ ниетіңіз үшін баршамыздың атымыздан үлкен алғыс, – деген «AMANAT» партиясының БҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиева мерейтой иесіне «AMANAT» партиясының БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиұлының құттықтаухатын табыс етті.

Кеш барысында ауыл, әке-ана, соғыс, өмір тақырыбындағы әндер шырқалды. Өлкемізге танымал әншілер өнер көрсетті. Кеш шымылдығы өңірімізге белгілі әнші Жаңылсын Хасанованың орындауындағы Сәуле Қарабалинаның сөзіне жазылған Мақсат Жәутіковтің «Қазақстан» әнімен жабылды.

Жанерке Мереке
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале