Кеше Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен қазақ вальсінің королі, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән-ғұмыр» қайырымдылық балы ұйымдастырылды. Аты аңызға айналған сазгердің туындылары дәстүрлі мектеп балының басты тақырыбына айналды.⠀
Бұл қайырымдылық балы – бүкіл мектеп қауымдастығын: оқушыларды, педагогтерді, ата-аналар мен серіктес мекемелердің басын бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, ізгі іске шақыратын ауқымды шара.⠀
Білім ордамыздың «Қазақ әндері» жобасы аясында ұйымдастырылатын қайырымдылық кешіне биыл NIS тәжірибесін кәсіби даму жолында қолданып, білім көгіне ұмтылатын тірек мектептердің ұстаздары мен шәкірттері де өнер көрсетті. Мейман ретінде серіктес мекемелердің өкілдері, сондай-ақ CIS сарапшылары да қатысты.⠀
Шәмші балы мектеп қауымдастығына көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге мүмкіндік беріп келеді. Кеш барысында жиналған қаражат мектебіміздің онкологиялық сырқатқа шалдыққан оқушысын қаржылай қолдауға бағытталды.⠀
Шараға өңірдің танымал әншілері қатысып, атақты сазгердің әуендерін орындады. Әуезді ән ырғағымен қатысушылар бірқатар вальс билеп, кеш соңында ерекше көзге түскен жұптар «Кеш ханзадасы мен ханшайымы», «Кеш ханымы мен ханзадасы», «Жұлдызды жұп», «Вальс толқынында» номинациялары бойынша марапатталды. Мектептің «Шабыт» үйірмесі ұсынған театрландырылған қойылым да кеш қонақтарына әсер сыйлады.⠀
Қайырымдылық балы мектеп күнтізбесіндегі керемет оқиға ғана емес, сонымен қатар өнер әлемінің адамзат баласын қалай игілікке жетелей алатынын дәлелдеді. Сонымен қоса мұқтаж жандарды қолдау үшін қоғамның күш-жігерін біріктіретін мейірім мекені, жақсылық жаршысы және шығармашылық ордасы бола алды.
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі