30.05.2024, 13:00
Оқылды: 116

Оралда Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған кеш өтті

«Атамекен» өнер ордасында аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Бақыт құшағында...» атты ән кеші өтті. «Атамекен» өнер ордасы ұйымдастырған концертке келгендердің қарасы қалың болды.

444480610_2229617087380560_7066217847869414249_n

Ән кешіне ҚР Мәдениет саласының үздігі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының дирижері, тектінің тұяғы, Шәмшінің ұлы Мұхтар Қалдаяқов дирижерлік етті.

Кешті мекеме директорының арнайы шақыртуымен келген танымал радиожүргізушісі Гүлмира Нәлібай жүргізді. Ол сыңғырлаған сырлы сұлу үнімен дүйім жұртты бірден баурап, кештің көркін келтірді.

Ән әуелеген сазды кеште БҚО «Атамекен» эстрадалық-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен танымал да талантты әншілер өнер көрсетті. Атап айтсақ, Қанатқали Қожақов, Донеділ Қажымов, Марат Сарбөпеев, Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Дария Бақытова, Азат Қабиев, Айбар Хайырханов, Назира Хибашева, Ақылбек Кәкімов, Альберт Ғазизжанов, Айдана Орынғалиева, Гүлфаризат Нұрсейітова, Альбина Наурзалиева, «BatysStar» тобы «Қазақ вальсінің каролі» атанған композитор Шәмші Қалдаяқовтың ескірмейтін есті әндерін тек жанды дауыста шырқады.

444467230_2229616987380570_3852862644559321568_n

Олардың орындауында композитордың «Теріскей», «Қуаныш вальсі», «Ақмаңдайлым», «Өмір-өзен», «Дүнген қызы», «Сыр сұлуы», Ақ ерке, Ақ Жайық», «Отырардағы той», тағы басқа әндері шағаладай самғады. Ал «Атамекен» Жастар музыкалық театрының әртісі Құралбек Қатшаев Шәмші рөлін сәтті сомдап, көрермен қошеметіне бөленді.

Ата-әжелеріміздің, қала берді ата-аналарымыздың жастық шағында талайды сезім бесігінде тербеген ностальгияға толы музыкалық туындыларды көпшілік көрермен ерекше ықыласпен қабылдады. Сыры таусылмас әсем әуендерді сағынып келген ел-жұрт Шәмші әндерін шаттана тыңдап, қосыла шырқады.

Сонымен қатар күні кешегі су тасқынының зардабын кешіп, уақытша эвокуациялық пунктерге орналасқан жерлестеріміздің бір сәтке болсын уайымы сейілсін деген мақсатта осынау ән кешіне арнайы шақырып, тегін билеттер таратқан едік.

Кеш соңында зал толы жұрт бүгінде еліміздің Әнұраны болып әуелеп жүрген «Менің Қазақстанымды» тынысы кең әнші әнші Айбар Хайырхановпен бірге шырқады. Шәмші әндерін тыңдап, керемет әсер алған оралдықтар өнер иелеріне дән риза болып, алғыстарын жаудырды.

Ақ жүректі ағайынның ықыласымен басталған кеш залдан көтерілген ақ жаулықты ананың батасымен аяқталды. Шараның жоғары деңгейде өту құрметіне мекеме директоры Бауыржан Ергенұлы дастархан жайып, атсалысқан барлық әріптеске ризашылығын жеткізді.

Алтынбек Ермекқалиев

441516865_2229617117380557_2915172296236471188_n 441923571_2229617217380547_1663814873851042602_n 444485412_2229617197380549_6534269882513383494_n 444488466_2229617264047209_7892055957310116630_n

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале