Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Астанадан келген ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери-патриоттық басқармасы ән-би ансамблінің концерті өтті.
Еліміздің күштік құрылымдары халықаралық байқауларда топ жарып жүрген ансамбль өңіріміздегі шығармашылық сапарын Жәнібек ауданынан бастаған еді.
Шекарашылардың өнер кеші араға 13 жыл салып оралған Республика күні мерекесі қарсаңында және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 31 жыл толуы құрметіне ұйымдастырылды.
Ұлт болып ұйысқан елдің ішкі бірлігін, сыртқы тыныштығын қамтамасыз ететін мемлекеттік құрылым – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арқалаған жүгі жеңіл емес. Құрылымның қызметкерлері өздеріне жүктелген абыройлы міндетті асқан жауапкершілікпен, қырағылықпен атқаруда. Еңселі елдің ертеңіне алаңдайтын, анттарына адал жандарға ансамбль мүшесі Қайсар Әубәкіров «Жусан дала ұландары» деген әнді тарту етті.
Елдің шетінде, желдің өтінде тұрып туған жерді, қызғыштай қорғап, ел-жұрттың тыныштығын қамтамасыз ететін шекарашылар туралы «Шекарашы сарбаздар», «Отаным шекарадан басталады», «Шекара ұраны» секілді әндер тымық түнде шырқау көкке әуеледі.
Ресей Федерациясының Сочи қаласында өткен әскери әндер байқауының бас жүлдегері Эльвира Нұрғожинаның және күміс көмей әншілер Нұрбол Болысбаевтың, Тұрғанәлі Шараптың, Күміс Несіпбектің орындауындағы рухты әндер көпшіліктің көңілін жадыратты. Сонымен қатар ансамбльдің жұлдызы, жерлесіміз Нұрлыбек Жөлекенов нәшіне келтіре шырқаған «Арнайы жасақ», «Ардагерлер» әндері де көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Концертке келушілер ансамбльдің репертуарындағы ұлттық нақыштағы және әлем халықтарының ән-билерін тыңдап рухани сусындады. Елдікті, батырлықты, елжандылықты, бірлікті ұлықтаған шекарашылардың кеші жоғары деңгейде өтті.
Гүлнәр Шәңгерей
zhaikpress.kz