Оралда облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында әр түрлі сала қызметкерлеріне арналған екі айлық курс жұмысын бастады.
Аталмыш басқарманың бас маманы Баянгүл Семғалиеваның айтуынша, курс қатысушылары екі ай бойы көпшілік алдында өз ойын еркін жеткізе алатындай дәрежеде сөйлеп үйренеді.
- Жалпы, біз мұндай курсты жыл сайын ұйымдастырып келеміз. Енді биылдан бастап, ең жоғары С1 деңгейлік курсы ашылып отыр. Бұл деңгей шешендік өнерді үйретеді. Бұған БАҚ өкілдерімен қатар басқа сала қызметкерлері қатысады. Курсқа қатысуға қазіргі таңда 50-ге жуық адамнан өтініш келіп түсті. Курсты тәмамдағаннан кейін қатысушыларға сертификат беріледі, - дейді Баянгүл Қуандыққызы.
Апта бойы болатын курс «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында өтеді. Онда филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Шканова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Софья Ізмұханбетова, инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Рауан Молдағалиева және білім беру процесін психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылым магистрі Рысханым Қуанаева дәріс береді.
Есенжол Елекенов,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер