Орал қаласында жаңа ІТ орталығы ашылған болатын. Мемлекеттік құрылымдар қызметін цифрландырып, қоғамға қолайлы орта туғызу мақсатында ашылған орталық мамандарының қызметімен облыс әкімі Алтай Көлгінов танысты.
Жаңа цифрлық басқарма басшысы Сәкен Нұртазаевтың мәлімдеуінше, барлық қызмет ашық форматта жүргізіледі. ІТ мамандар мықты кадрлар санын көбейту мақсатында жастар арасында жаңа технологияларды насихаттап, жергілікті жоғары оқу орындарымен бірігіп қызмет ететіндерін айтты. Сонымен қатар ІТ Hub кіші индустриялық аймағында, ІТ стартаптарында ұсынылатын тың идеяларды жүзеге асыру жоспаланып отыр. Бүгінде елуге жуық ІТ жоба дайындалуда. Орталық пен Астана қаласындағы Назарбаев университеті арасында байланыс орнатылған. Жалпы мамандар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жасауға белсенді қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.
– Кез келген тың идеяларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бастысы ұсынатын жобаларыңыз қолданушыларға, яғни тұрғындарға қолайлы әрі түсінікті болуы керек, – деді Алтай Сейдірұлы.
Кездесу барысында жаңа «Смарт Уральск» қосымшасы қолданысқа ұсынылды. Енді смартфон қолданушылары «Play market» арқылы аталған қосымшаны телефондарына жүктеп, пайдалы ақпараттарға қол жеткізе алады.
Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!