Орал қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Аслан Жармұхановтың мәлім еткеніндей, 8 желтоқсан күні кешкісін «Жұлдыз» шағынауданындағы «Айзат» мейрамханасының банкет залында той болып жатқаны жөнінде тұрғындар хабарлаған.
Мониторингтік топ мүшелері барған кезде ақпарат рас болып шықты.
- Бір сағаттан кейін іштегілер артқы есікті ашқан кезде той қонақтары қашып шығып жатты. Біз 150-ден астам адамды санадық, - деді А.Жармұханов.
Оның сөзіне қарағанда, мейрамхана иесі, музыкант, тойды ұйымдастырушылардан жауап алынды. Тиісті шаралар қабылдау үшін барлық материал Орал қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.
«Айзат» - сот шешімімен жабылған алты мейрамхананың бірі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің нақтылауынша, сот шешімімен санитарлық талаптарды қайталап бұзғаны үшін «Айзат», «Альбина+», «Мақпал», «Аделя» мейрамханалары, «Гакку», «Марсель» кафелерінің қызметі үш айға тоқтатылған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
zhaikpress.kz