Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, 1 қарашадан бастап аталмыш көпір бұзылуға жабылады.
Салынғанына қырық жыл болған көпір содан бері жөндеу көрмеген, апатты жағдайда.
Ескі көпірдің орнына жаңасы тұрғызылып, оның ені 20 метрге дейін кеңейтіліп, бұрын қос жолақты болса, енді төрт жолақтыға айналады. Көпірдің ұзындығы - 988 метр.
Қала басшысының сөзіне қарағанда, көпірдің жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан өтіп, оң қорытындысын алған. «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысына салынатын нысан құны 5 млрд теңгеден асады. Құрылыс мерзімі екі жылдан астам уақыт болғанымен, мердігер мекеме «КА-строй ЛТД» ЖШС оны мерзімінен бұрын аяқтауды көздеп отыр.
«КА-строй ЛТД» ЖШС мұның алдында Депо көпірін бұзып, қайта салған болатын. «Құрылыс жұмыстары аумағына үш үй кіріп тұр. Қауіпсіздікке байланысты құрылыс кезінде онда адамдар тұрмауы керек. Сондықтан үш үй тұрғындарымен түсінік жұмыстары жүргізілді. Оларға құрылыс уақытында жалпы аумағы тең, тіпті артық қолайлы пәтер беріледі. Босатылған үйлерді сақтау жөнінде келісімшарт жасалады. Қала әкімдігіне қоса мердігер мекеме де құрылыс жұмыстары кезінде аталған үйлерге кінәрат келген жағдайда қалпына келтіруге кепілдік береді», деді Мұрат Мұқаев.
Елжан ЕРАЛЫ