15.11.2018, 17:26
Оқылды: 323

Оралда танымал әнші Еркін Өтегеновтің кеші өтті

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында елге танымал әнші Еркін Өтегеновтің «Ән арман» атты шығармашылық кеші өтті. Әуезді әндерімен көпшіліктің жүрек төрінен орын алып жүрген өнер иесінің кешіне ән сүйер қауым көп жиналды.

 erkin (2)

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл кештің ерекшелігі – жергілікті ақын-сазгерлердің әндері Еркін Өтегеновтің орындауында көрермен жүрегіне жол тартты. Жайықтың белгілі қаламгерлері Ғайсағали Сейтақ, Дариға Мұштанова, Қуандық Мәдір, Мұнайдар Балмолданың, өзге де шығармашылық иелерінің сөзіне жазылған  «Ән арман», «Теңіздің ерке сұлуы», «Жан самалы», «Ағам менің» әндері көрермен көңіліне серпіліс сыйлады.

Бұл кештің тағы бір ерекшелігі – Еркін Өтегенов жұбайы Зоя Қуанғалиеваны сахнаға алғаш рет алып шығып, көрерменге сәлем салғызды. Отау құрғандарына алты жыл болған жас жұбайлар белгілі қаламгер Бауыржан Ғұбайдулиннің «Жан самалы» әнін қосыла шырқады.  Жұбайларға арнап жазылған әдемі әнді көрермен жылы қабылдады.

Бала кезінен әнші болуды армандаған бала Еркін ізденіс пен еңбектің нәтижесінде Жайық бойын әнмен тербейтін белгілі өнер иесіне айналды. «Еркіннің әнін тыңдасам» деп келген зал толы көрермен әр әнге шабыттана қол соғып, сүйікті әншілеріне дем беріп отырды.

Жергілікті сазгерлер Жаскелең Ғайсағалиев, Еркін Нұрымбетов, Ербол Ақбасов, Қуаныш Қисметовтың сазды әуендері кеш шырайын аша түсті.

Өнерге ғашық әншінің бүгінге дейін бағындырған биіктері де аз емес. Ол Қызылорда қаласында өткен «Қыдыр қонған Қызылорда» атты республикалық әншілер байқауының бас жүлде иегері. Сондай-ақ, Майра Ильясованың «Майра» продюсерлік орталығының арнайы шақыруымен Алматы қаласында өткен «Жан анам» концертіне және бірнеше рет  «Сағындырған әндер-ай» ретро фестиваліне қатысты. Әр жылдарда Ресей федерациясы, Германия, Біріккен Араб Әмірліктері елінің АбуДаби, Дубай, Хорватия елінің Загреб қалаларында гастролдік сапарда өнер көрсетті. 2015 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың алғысымен марапатталса, 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

Кеш соңында сахнаға көтерілген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев сахнаны еркін меңгерген Еркін әншінің әр әні көрерменге серпіліс сыйлап, жан сергітер, рухани кеш болғандығын атап өтті. Ақжайық жұртшылығының аманатын арқалап келген Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Жұбан елінен шығып, ел мерейін асырып жүрген өнерлі ұлдарына Жұбан Молдағалиевтің портретін сыйға тартты.

erkin (1) erkin (4) erkin (6) erkin (7) erkin (9) erkin (11) erkin (14)

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале