2.04.2026, 13:00
Оқылды: 40

Оралда тасқын кезінде жарамсыз күйге түскен 700 саяжай әлі күнге бұзылмаған

Орал қаласында бұдан екі жыл бұрынғы тасқын кезінде саяжайдағы үйлері суға кеткен 2 800-ден астам отбасы баспаналы болды, - деп жазады Kazinform.

d5acdc6a-0311-42ad-9dd3-a5b0e3c8ccb4
Фото: Kazinform

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, жарамсыз болған саяжай үйлерінің 2 100-і екі жылдың ішінде толықтай бұзылды.

Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, 700-дей үй бұзылмай қалып отыр.

- Бұған бюджеттен қаржы қарастырып, бұзу жұмыстарын қолға алатын боламыз. Мұның себебі – үйді бұзу үшін арнайы техника тарту қажет. Оған қоса қоқыстар қала сыртындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылады, - деді Ж.Дүйсенғалиев.

Оның айтуынша, 2024 жылғы су тасқынынан кейін бос қалған саяжай аумақтарында қоқыс көлемі көбейгені байқалады. Көптеген тұрғындар жаңа баспанаға көшкеннен кейін бұрынғы саяжай аумақтарында иесіз қалған қалдықтар, құрылыс материалдары, тұрмыстық қоқыс жиналып қалған.

Сонымен қатар Орал қаласында қараусыз қалған 40-қа жуық бизнес нысандары мен ескі үйлер бар. Ең алдымен осы нысан немесе үйлердің қожайындарын табу керек. Мүлдем табылмаған жағдайда қоршау, содан кейін бұзу жұмыстарын жүргізіп, жерін мемлекеттік меншікке қайтару мәселесі қарастырылады.

Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, облыс орталығында 4 сәуір – 30 мамыр аралығында санитарлық-экологиялық айлық жарияланды. Айлық барысында қаланы толықтай ретке келтіру, аула, көшелер, қоғамдық орындар, саябақ, гүлзарлар, демалыс аймақтарын тазалау жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ заңсыз қоқыс орындарын жою, қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше мән берілмек.

- Қазіргі таңда қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен стихиялық үйінділер бар. Әсіресе, Хан және Басқақ тоғайлары секілді демалыс орындарында, гараж кооперативтерінде және шаһар шетіндегі кейбір аумақтарда қоқыс мәселесі өзекті болып отыр. Осы орындардың барлығы санитарлық айлық барысында кезең-кезеңмен тазартылып, бақылауға алынады.

Тұрғындарға айтарымыз – ірі көлемдегі қоқыстарды Орал-Саратов тас жолының 7-шақырымында орналасқан арнайы орынға шығаруға болады. Аталған орын санитарлық айлық кезінде мұндай қалдықтарды тегін қабылдайды, - деп қосты Ж.Дүйсенғалиев.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале