Орал қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде осыдан 28 жыл бұрын, 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан Қазақстан Республикасының Ішкі әскерінің 17 жауынгерін құрметпен еске алды.
Жыл сайын осы күні Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімінде, қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне аза тұту митингілері өтеді. Бүгінгі өткізген шараға тәжік-Атуған қақтығысына қатысушылар, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлері, өңірлік қолбасшылықтың офицерлері мен сержанттары және 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысты. Шарада «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майоры Арман Жумагалиев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковнигі Бақытжан Бердиев, «Тәжік-ауған ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлишер Ашурматов сөз сөйледі.
Шара соңында тәжік-ауған қақтығысына қатысушылар марапатталып, Ішкі әскердің 17 жауынгеріне арнайы тұрғызылған ескерткіш жанына гүл шоқтарын қойып тағзым етті.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес 1993 жылдан 1999 жылға дейін Ішкі әскерлердің жедел мақсаттағы бөлімдерінен екі мыңнан астам сарбаз бен офицер Қазақстан Республикасының жиынтық батальоны тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндетін орындағанн
Осыдан тура 28 жыл бұрын, 1995 жылы 7 сәуір күні Пендж өзенінің бойымен Пшихавр шатқалы арқылы арнайы жүкті күзетіп келе жатқан колоннаға Ауғанстан жағынан моджахедтер от ашып шабуыл жасады. Қарсыластың күші басым болған теңсіз ұрыс кезінде Ішкі әскердің 17 жауынгері қаза тауып, 33 әскери қызметші түрлі деңгейде жарақат алды. Олар өз өмірлерімен Отанымыздың мүддесін қорғап, ерлік пен қайсарлық білдіре отырып, әскери борыштарын соңына дейін атқарды. Осы шайқаста Шыңғырлау ауданының тумасы, жерлесіміз, сержант Радик Каймульдиев ерлікпен қаза тапты.
1996 жылы 20-қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен ТМД-ның сыртқы шекараларын күзету жөніндегі әскери борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін сержант Р.Каймульдиев қайтыс болғаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің аумағында 17 жауынгерге арнап ескерткіш тұрғызылып, олардың есімдері мектептерге, көшелерге, саябақтарға берілді.
Ертуған Әубакир,
Капитан
ҚР ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметінің бастығы