Оралда белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің 90 жылдығына арналған республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті. Екі күнге жалғасқан «Қадыр жыры – халық үні» атты өнер бәйгесінің өтуіне облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйытқы болған.

Байқау Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығын дәріптеп қана қоймай, ақын сөзіне жазылған дәстүрлі өнер үлгілерін кеңінен насихаттауға арналды. Сонымен қатар терме мен жыр өнеріне бет бұрған жастарға шабыт беріп, танымал өнерпаздармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік туды. Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 18 бен 50 жас аралығындағы 17 өнерпаз қатысты. Екі кезеңнен тұрған байқауда қатысушылар ақынның өлеңдеріне жазылған туындыларды орындап, еркін тақырыптағы термелерін ұсынды.
Іс-шара аясында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында гүл шоқтарын қою рәсімі мен ақын мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Одан кейін қатысушылардың өнер көрсетілімдері басталды. Келесі күні байқаудың екінші кезеңі өтті. Ал кешкісін облыстық халық шығармашылығы орталығының концерт залында марапаттау рәсімі мен гала-концерт ұйымдастырылды.

– Қайырлы кеш, қадірлі ағайын! Бүгін Ақ Жайық төрінде дәстүрлі өнерімізді ұлықтаған ерекше бір шара өз мәресіне жетіп отыр. Екі күн бойы жыр мен терменің туын биік көтерген «Қадыр жыры – халық үні» атты республикалық байқауға еліміздің әр түкпірінен келген термешілер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Баршамыз соның куәсі болдық. Байқаудың бастау алуы, сахнаның безендірілуі, орындалған туындылар – бәрі-бәрі Қадыр Мырза Әлиге деген ел ықыласының бір парасы. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұжымы әр шараны биік деңгейде өткізуді дәстүрге айналдырып келеді. Бұл жолы да сол биіктен түспеді. Қадырдай заңғар ақынның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған байқау – соның айқын дәлелі. Қадыр ағамыздың өлеңдері – өшпейтін рухани қазына. Сол қазынаны бүгінгі ұрпақ термелетп айтып отыр. Бұл – ұлттың тірі екенін, рухтың сөнбегенін білдіреді. Өнерпаздарға айтарымыз, жолдарың ашық, өнерлерің үстем болсын! Осындай мазмұнды, мәні терең, ел рухын көтеретін шаралар алдағы уақытта да жалғасын табарына сенеміз, – деді шараның ашылуында сөз сөйлеген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасын басшысының орынбасары Медхат Қамбетов.
Қазылар алқасы құрамына дәстүрлі өнердің айтулы өкілдері енді. Атап айтқанда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Донеділ Қажымов, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Сағадат Рахметжанов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәулескер күйші, ақын Дәулеткерей Құсайынов, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-термеші Қайрат Кәкімов сынды тұлғалар қатысушылардың өнерін бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар иелерін тапты. Қостанай облысының намысын қорғаған Абзал Алпыс III дәрежелі дипломмен марапатталды. Ақтөбеден келген Бақыт Арыстанғалиева II орынға лайық деп танылды. Ал I дәрежелі диплом Қызылорда облысының өкілі Серік Жақсығұловқа бұйырды. Бас жүлде маңғыстаулық Ақылбек Жұмалиевке табысталды. Жеңімпаз-жүлдегерлерге арнайы дипломдармен қатар, бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»