«Жайық Пресс» медиахолдингі өз журналистерінің біліктілігін жетілдіруді қолға алды. Бұл үшін аталған медиахолдинг жанынан білім беру мақсатында арнайы орталық жасақталды. Бүгін медиахолдингтің 12 филиалынан жиналған тілшілерге алғашқы дәрістер басталды.
Алғашқы топқа арналған оқыту семинарлары екі күнге жалғаспақ. Оларға қоғамдағы өзекті мәселелер және арыз-шағым бойынша материалдарды қалай жазу керектігі жөнінде облысқа танымал журналистер теориялық-тәжірибелік дәріс береді. Арнайы жасақталған жоспар негізінде журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру, заман талабына сай жедел ақпарат тарату, тәжірибе алмасу, сөздік қорын, сөз саптауын, тіл мәдениетін жетілдіру, ақпаратпен жұмыс істеудегі жаңа үлгілер машығын меңгерту мақсат етілген. Сондай-ақ газет бетін заман талабына сай безендіруді үйрету жөнінде де шеберлік сағаттары өтеді.
Біліктілік арттыру дәрістерінің мақсатына тоқталған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин мұндай дәрістер жыл бойы түрлі тақырыпта, жүйелі түрде өтетінін айтты. «Аудандағы журналистердің тәжірибе алмасып, қажетін үйрену бағытында облыстық газеттер мен ақпарат орталығында жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз. Бұл оқыту семинарларында алдымен мақаланың сапалы жазылуына бағытталған іс-тәжірибе көрсетілсе, кейін материалдың халық арасында оқылымдылығын арттыру, кең тарату әдіс-тәсілдері үйретілетін болады» деді Жантас Набиоллаұлы.
Семинардың алғашқы күні тілшілерге танымал журналист Есенжол Қыстаубаев оқырманның арыз-шағымдарымен жұмыс жасау және проблемалық мақалалар жазудың қыр-сырын үйретті.
zhaikpress.kz