26.03.2018, 19:47
Оқылды: 55

Оралда тоңның қалыңдығы – 1,2 метр

Бұл жайлы «Қазгидромед» РМК БҚО филиалының директоры Нұржан Шияп Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында су тасқынының алдын алу шараларына арналған брифингте айтты. Оның айтуынша, ауа райының күрт жылуы сәуір айының екінші онкүндігіне тиесілі екен.

Нұржан Шияптың мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңдағы өңірдегі тоңның қату тереңдігі  Орал қаласында  -129, Шыңғырлауда - 137, Дариянда - 119, Жәнібекте  - 106, Бөрліде - 105, Январцевта - 103, Ақсайда 83 сантиметр. Сонымен қатар облыстың оңтүстігіндегі Ақжайық ауданына қарасты Тайпақ ауылы мен Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында тоң қату тереңдігі бәсеңдеген. Ал қар қабатының ең жоғарғы қалыңдығы Январцев ауылында (51 см) болса, ең төменгі көрсеткіш Шыңғырлау мен Жаңақала аудандарында (20 см) тіркелген. Алдын ала жүргізілген бақылаулар бойынша Жайық өзенінің мұз қабатының ашылуы  8-13 сәуірге тұспа-тұс келіп тұр.

-Жалпы, сәуір айына болжанған ауа райының орташа айлық температурасы  +7, +12 градусты құрайды. Сәуір айының бірінші онкүндігінде ауа температурасы түн мезгілінде нөл градустан +5-ке дейін, күндіз +5-тен +15 градусқа дейін жылиды деп күтілуде. Екінші онкүндікте түнде нөл градустан +5, +10, күндіз +10,+15, кей жерлерде +20 градус жылылық болады деп болжануда. Сәуірдің соңғы онкүндігінде де осындай ауа температурасы сақталады. Келер айдың бірінші және екінші онкүндігі жауын-шашынды болады деп күтілуде, - дейді Нұржан Айтмағанбетұлы.

Баспасөз мәслихаты соңында сала мамандары БАҚ арқылы қала тұрғындарын ауладағы қарларын шығаруға және өзендердегі мұз үстінде сақтық  шараларын ұстануға шақырды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале