Бүгін Оралда Құрманғазы көшесі №84 мекенжайындағы сүрілген «Ақжайық» қонақ үйінің орнына жаңа төрт жұлдызды қонақ үйдің құрылыс жұмыстары басталды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов құрылыс алаңына капсула салды.
Облыс әкімі жиналған қауымды игі істің басталуымен құттықтап, бұл шаруаны бастауға инвестор іздестірілгенін, жергілікті инвестордың мемлекеттің қолдауымен қонақ үй жобасын «жандандыратынын» айтты.
- Алдағы уақытта құрылысты сапалы етіп салып, халықтың пайдалануына тапсыруымыз қажет. Оралда барлығы бар, бірақ осындай халықаралық дәрежедегі қонақ үй жетіспейтін еді. Енді ондай нысан болады. Оның үстіне облыстың туристік әлеуеті зор, тарихымыз терең. Шаһарда әлемдік стандартпен қонақ үй салынса, облыс орталығының деңгейі көтеріледі, инвестициялық тартымдылығы күшейеді. Себебі, Орал – Еуропа құрлығында тұрған Қазақстан қалаларының бірі. Инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қаламызда заманауи қонақ үйдің ашылғаны маңызды, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Ақсай қаласында «Холидей Инн» қонақ үйі салынады және Оралдан тағы бір қонақ үй құрылысын салуға инвесторлар іздестірілуде. Өйткені қала аумағы кеңейіп, өңірдің инвест тартымдылығы күн санап өсіп келеді.
-Елбасы қолайлы инвестициялық климат қалыптастырды. Сондықтан бізде ірі консорциумдар, трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді. Жақында «Орал» әуежайының терминалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Барлық құжаты дайын, конкурс өтті, келісімшартты «ҚПО б.в» компаниясы жасайды, қаржы бөлінген. Терминалды жөндеп, тиісті қалыпқа келтіреміз. Қазір оның аумағы 3,5 мың шаршы метр болса, жөндегеннен кейін екі есеге өсіп, жеті мың шаршы метрді құрамақ. Жаңа әуе қатынастары ашылады. Өткен жылы Орал – Франкфурт, Орал – Мәскеу бағытына тікелей рейс аштық. Атырау, Ақтау бағытына әуе қатынасы орнатылды. Осының барлығы тұрғындардың қолайлы тірлігі үшін жасалуда. Жақында өңірімізде іссапармен болған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға инвестиция тартудың маңыздылығына назар аудартты. Сондай-ақ тұрғындарға және қонақтарға да қолайлы жағдай жасауды тапсырды, - деді Алтай Көлгінов.
Шарада сөз алған «Отырар тревел» ЖШС-ның БҚО филиалының директоры Әсел Каменова Оралда төрт жұлдызды қонақ үй салудың туристік инфрақұрылымды дамытудағы маңыздылығын, Жайықтың жағасындағы көрікті әрі тарихи қаланы аралауға келетін туристер ағынын қарсылауға мұндай нысанның қажеттілігін айтып, жобаға сәттілік тіледі. «GRAND HOTEL Service» ЖШС директоры Жақсылық Саматовтың айтуынша, Hilton халықаралық франшизасы бойынша салынатын (14 мың шаршы метрлік) қонақ үй 123 нөмірлі болмақ.
-Оның ішінде бесеуі – люкс, 105-і стандартты, 13-і апартамент, екеуі – мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайланып жабдықталмақ. 25 және 400 орындық екі конференц зал, 250 орынға арналған Ballroom жасақтау жоспарда. Сегізінші қабатта – ашық аспан астындағы sky-бар болады. Сондай-ақ қонақ үйде бассейн, spa, фитнес орталығы да қарастырылады. Жобаны жүзеге асыру барысында 300 жұмыс орны ашылады. Одан кейін жаңа қонақ үйде 200 адамға жұмыс орны ашылмақ. Жобаның құны – 12 млн. доллар көлемінде. Жартысын «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден несиемен алмақпыз. Құрылыс жұмыстары басталды, нысанды 2021 жылы пайдалануға тапсырамыз, – деді Жақсылық Саматов.
Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс басшысы бұдан кейін іргелес, Құрманғазы көшесі, №82 мекенжайындағы үйдің жай-күйін көрді. Салынғанына 135 жыл болған және соңғы 60-70 жыл ширегінде еш жөндеу көрмеген бұл апатты баспана «Тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша сүріліп, орнына жаңа нысан салынбақ.
Гүлбаршын Әжігереева,
суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер