Қадыр Мырза Әли шағынауданында салынып жатырған тағы бір нысан – төрт жұлдызды қонақ үй кешені. Аталмыш кешенге арнайы барған облыс әкімі Ғали Есқалиев құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
- Төрт жұлдызды қонақ үйде 105 бөлме, яғни 85-і стандартты, 10-ы люкс, 10-ы апартамент болмақ. Сондай-ақ қонақ үйде фитнес залы, тренажер салынбақ. Бірінші қабатта 100-120 адамға арналған еуропалық үлгідегі мейрамхана, лоунч бар және бассейнмен жабдықталмақ. Екінші қабат конференция залдарға арналған. Үшінші қабаттан бастап қонақ бөлмелері болады. Құрылысқа жұмсалған қаражатты өз қалтамыздан шығарудамыз және ғимараттың ішкі жұмыстарын атқаруға несие алмақпыз. Құрылыс аяқталып, қонақ үй пайдалануға берілгенде 100-150 адамды жұмыспен қамтуды көздейміз, - деді «Орал офис» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллин.
Өз кезегінде өңір басшысы құрылыс жұмыстарына оң баға беріп, саяхатшыларды тарту мәселесін ойластыру қажеттігін жеткізді.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz