11.12.2017, 14:01
Оқылды: 42

Оралда тың тәсілмен ота жасалды  

 

0791df4f-547c-463d-8729-3352bdfb5293Облыстық кардиологиялық орталығында жүрек қан тамырына ота жасалып, ағзаға сіңіп кететін стент қойылды. Бұл скаффолд-магмарис деп аталатын жаңа технология еліміздің батыс аймағында алғаш рет Оралда қолданылып отыр.

Бұл ота Алматы қалалық кардиологиялық орталығының бөлімше меңгерушісі, профессор, интервенциялық кардиолог Оразбек Саховтың қатысуымен өткен шеберлік сағатында жасалды. Шараға орталықтың дәрігер рентгенхирургтері қатысты.

«Отаны жергілікті дәрігерлердің өздері жасады. Мен тек теориялық жағынан көмек беріп тұрдым. Ота жақсы өтті. Науқастың артериясының ішкі перделері зақымдалып, жүрек қан тамырларында қатты тарылып тұрған жерлер болды. Отадан кейін тамыр толық орнына келді. Бұл стентті қою үшін адам жасына шектеу жоқ. Бірақ бұл технология негізінен жастарға өте көп көмек болады деп ойлаймын. Мәселен, металл стентті бір қойғаннан кейін ол жерде біраз уақыт өткен соң, мүмкін бес не он жылдан кейін қайтадан тарылу пайда болуы мүмкін. Сол кезде тағы да металл стент қоятын болсақ, онда тамырдың ішінде екі қатар темір тұрады. Ал егер магмарис секілді толық еріп кететін жаңа технологияны қолданатын болсақ, 10 жылдан кейін сол жерге тағы да ота жасау керек болса, стенттің орны таза тұрады. Жүректің ишемиялық ауруларының себебі өте көп. Атеросклероздың пайда болуына себеп болатын 200-ден астам фактор бар. Негізгілерін атап өтетін болсақ, бұл ауру гиподинамия, яғни қозғалыстың аздығы, тамақтануға да байланысты, холестериннің жоғары болуына, тұқымқуалаушылық әсерінен де пайда болуы мүмкін. Жалпы скаффолд-магмарис – өте жаңа технология. Қазақстанға биыл ғана енді. Қазіргі кезде еліміз бойынша тек қана үш клиникада қолданылды. Бірақ бүкіл батыс өңірінде Оралда бірінші рет қолданылып отыр», - деді Оразбек Сраилұлы.

Шеберлік сағатында жаңа технология бойынша екі ота жасалды. Бірінші 1948 жылы туған науқасқа отаны интервенциялық кардиолог Ақылбек Ермұханов, екінші 46 жастағы науқасқа жоғары технологиялық хирургиялық отаны дәрігер рентгенхирург Талғат Гусманов жасады.

Облыстық кардиологиялық орталығының директоры Ақтілек Өмірбаевтың айтуынша, мұнда жылына жүрек тамырларына 2 мыңға жуық коронарографиялық зерттеу және 700-дей стенттеу жасалады. Коронарографиялық зерттеу жүргізу өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. 2016 жылы 1551 науқасқа осындай зерттеу жүргізілген болса, биыл 1807 науқас қамтылып отыр. «Бұл медициналық қызметтердің бәрін біздің орталықтың дәрігерлері жасайды. Ал жүрек қан тамырына 455 стент қойылған болса, биыл мұндай 630 жасалған. Стенттеу 40 пайызға жуық артып отыр. Биыл ауруханадан жүрегін емдетіп шыққан науқастардың жүрек талмасы себебінен қайтыс болғандардың саны азайды. Бұл жоспарлы коронарографиялық зерттеу мен стенттеудің және күндізгі стационарлық емдеудің артуының нәтижесінде болып отыр», - дейді Ақтілек Армандаұлы.

Маманның Алматыдан келуінің мақсаты кардиологиялық және кардиохирургиялық науқастарға медициналық көмек көрсету, имплантациялау, ишемиялық жүрек ауруларымен ауыратын науқастарға адам ағзасында тарап кететін скаффолд-магмарис стентін орнату, интервенциялық диагностикалау және емдеу әдістеріне (коронарлық зерттеулер, стенттеу) тәжірибе алмасу болды.

Еліміз бойынша барлық өңірде осындай кардиохирургиялық орталықтар жұмыс істеп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, науқасқа жедел көмек керек болған жағдайда дер кезінде ем жасауға барлық мүмкіндік бар.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале