Оралда №5 учаскелік полиция пунктінің инспекторларына жаңа қызметтік автокөлік табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде Қазақстан Президентінің Жолдауына сәйкес сала қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда. Аталған автокөлік ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасына сәйкес берілді. БҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің айтуынша, тәртіп сақшыларының осындай көлікпен қамтылуы халықпен әрдайым байланыста болатын олардың қызметін жеделдетеді. Аталған учаскелік пунктте 7 инспектор жұмыс жасайды. Олар қаланың 20 мыңнан астам тұрғыны бар орталық бөлігін қамтиды. «Учаскелік инспектор ретінде көптен бері қызмет атқарып келемін. Жаңа көліктің біздің жұмысымызға тың серпін берері анық», деді аға учаскелік полиция инспекторы Дәурен Оңайғалиев.
Орал қаласы аумағында 24 учаскелік полиция пунктінде 117 инспектор мен олардың көмекшілері жұмыс жасап келеді.
zhaikpress.kz