Орал қалалық прокуратурасы үлескерлердің ақшасын тұрғын үй құрылысына заңсыз жолмен жинаған 10 компанияға айыппұл салды. Құрылыс компаниялары тұрғын үйді сату үшін рұқсатсыз ниет шартын жасасып және алдын ала төлем (аванс) алып, үлескерлердің қаражатын жаратып жіберген.
Ең алдымен, «үлескерлік құрылыс» деген ұғымға тоқталып кетелік. Үлескерлік дегеніміз – құрылысы аяқталмаған, іргетасы құйылмаған нысанға алдын ала төлеп қойған қаржысының құрылысын жүргізу. Құрылыс компанияларының азаматтармен немесе заңды тұлғалармен арасындағы құқықтық қатынастар 2016 жылы қабылданған «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР заңы арқылы реттеледі. Бүгінде нарықтағы сұранысқа сәйкес көптеген құрылыс компаниясы үлескерлер есебінен үй тұрғызуда. Ал тұрғындар болса, әлі салынбаған үй үшін ақша төлеп, баспаналы болуды күтіп жүр. Алайда өздеріне сенген салымшыларды тақырға отырғызып, баспана да бермей, қаражаттарын да қайтармай, әуре-сарсаңға салған компаниялар да жоқ емес.
Орал қалалық прокурорының орынбасары Алмас Оңаевтың айтуынша, жыл басынан бері құрылыс компанияларының қызметін талдау барысында үлескерлерден заң талаптарын сақтамай қаражат жинаған 24 компания анықталған. Олардың 14-і бойынша әкімшілік іс жүргізу әлі аяқталмаған. Ал жоғарыда айтып өткендей, 10 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың қатарында «Строй Техно Групп», «СВС Батыс», «АТМ Group Kazakhstan», «БизнесПлан», «СапарСтройАзия», «КМТ-СитиСтрой», «Alim Construction LTD» және «АТЖ2» ЖШС-лары бар. Қалалық прокуратураның қадағалау актісі бойынша жергілікті атқарушы құрылым бұл серіктестіктерге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 320-бабымен әкімшілік хаттама толтырған. Нәтижесінде 4,1 млн теңге көлемінде айыппұл (әрқайсысынан 517 500 теңгеден) өндірілген. Сонымен қатар бұл компаниялармен келісімшарт жасасу тоқтатылған.
– Осы саладағы заңбұзушылықтар үшін кінәлілерді жауапқа тарту кезінде түйінді мәселелер бар екенін атап өткен жөн. Үлестік құрылыс кезінде үй құрылысын қолға алғандардың кейбірі жеке кәсіпкер немесе жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Ал «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР заңының талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК-ның 320-бабы бойынша тек заңды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. 2022 жылы ҚР Бас прокуратурасына аталмыш кодекстің 320-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлер мен жеке тұлғаларды да жауапкершілікке тарту жөніндегі ұсыныспен қызметтік жазба жіберілді. Бүгінде мұндай мәселенің бар екені және өзгеріс енгізу жоспарланғаны туралы жауап келді. Бірақ осы уақытқа дейін өзгерістер енгізілген жоқ, – деді Алмас Маратұлы.
Алмас Оңаев тұрғын үй құрылысына үлескер ретінде қатысудың өзіндік тәртібі бар екенін түсіндірді. Ол үшін құрылысшы бірыңғай оператордың кепілдігін алуы, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысуы және үй қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлерден қаражат жинауға құқылы. Кепілдік алу тәсілімен үлестік құрылысқа қатысу үшін, ең бірінші, бірыңғай оператор – «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен шарт жасасуы қажет. Екіншіден, екі тарап арасында, яғни азаматтар мен құрылыс компаниясының келісімшарты болуы тиіс. Онда құрылыс нысанын салу және аяқтау мерзімі, азаматтардың қаражаты мен ақы төлеу мерзімі көрсетіледі. Сонымен бірге құрылысты бастамас бұрын жергілікті атқарушы құрылымнан рұқсат қағаз алуы қажет. Құрылыс компаниясы үлестік қатысу шартына қол қойылғаннан кейін құжатты жергілікті әкімдікте «Қазреестр» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы тіркеуге міндетті. Шарт тіркелген кезде төлем үшін негіз болатын үзінді көшірме беріледі. Биыл «Тұрғын үй порталы» базасында үлескерлердің жеке кабинеті іске қосылған. Онда азаматтар өздерінің үлестік қатысу шартының тіркелгенін және үзінді көшірмесінің бар-жоғын тексере алады. Мәселен, үй салушының үлескердің қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны анықталуы мүмкін немесе банкрот болуы да ғажап емес. Сондай кезде «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін қаржыландырады. Үлескерге пәтерін алуға кепілдік беріледі. ҚР Ұлттық экономика министрлігі тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың үлгілік нысанын 2016 жылы бекіткен.
– Үлестік құрылыс арқылы баспана алу тиімді. Өйткені жаңадан салынған үйге қарағанда, енді салынатын баспананың бағасы арзанырақ. Алайда үлестік құрылыс арқылы үй алғысы келетін азаматтар оған қаражат аудармас бұрын, компанияның құжаттарын тексеріп алғандары жөн. Компанияның құрылысқа рұқсаты, жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттары, жобалау-сметалық құжаттамасы, құрылысқа қатысушы компаниялардың лицензиялары, компанияның жарғысы және құрылтай шарты болуы керек. Құрылысы бітпеген тұрғын үйді сатып алу кезінде үлестік қатысу шарты ғана жасалуы тиіс. Кейбір құрылыс компаниялары үлестік шарттан басқа да шарт жасасуы мүмкін. Яғни азаматтардың қаражатын инвестициялау, алдын ала сатып алу-сату, сессия, брондау және басқа заңсыз шарттар жасасуы ықтимал. Мұндай жағдайда сатып алушы ақшасыз және пәтерсіз қалуы мүмкін. Себебі бұл шарттар еш жерде тіркелмейді және салынып жатқан нысанның аяқталатынына кепілдік бермейді. Сондай-ақ мұндай құжаттары бар сатып алушы үлестік құрылыстарға қатысушы болып саналмайды. Үлескерлер күмәнді мәмілелерге тап болса, құқық қорғау (оның ішінде прокуратураға) және жергілікті атқарушы құрылымдарға хабарлай алады, – деді Алмас Маратұлы Орал қалалық прокуратурасының ақпарат алаңында өткен брифингте.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»