18.03.2025, 21:30
Оқылды: 466

Оралда ұлттық спорт түрлерін ұлықтау мақсатында семинар-практикум өтті

Орал қаласының спорт бөлімі ұлттық спорт түрлерінен «Бабалар ізімен» атты облыстық лига жарыстарын ұйымдастыруды қолға алды. Қазақпен бірге жасасып келе жатқан спорт түрлерін кеңінен насихаттау және ұлт спортына қызығушылардың санын арттыру мақсатында қолға алынған ерекше шараға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы қолдау танытып, ұлттық спорт түрлерін дамыту, оның алдында тұрған мәселелерді анықтап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында әдістемелік семинар-практикум өткізді.

5d9cf3cc-1db0-46d2-8521-3e279cbb8f47

«Атамекен» өнер ордасында ұйымдастырылған семинар-практикумға Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, облыстық спорт ұйымдарының басшылары, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары мен мамандары, аудандық спорт клубтарының әдіскер-нұсқаушылары, ұлттық спорт түрлерінің жаттықтырушылары қатысты.

a7cd736d-a3df-45ac-88d8-62ec0afc9a39

Сондай-ақ ұлт спортын дамуына өз үлестерін қосып жүрген аударыспақтан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Жамбатыр Бекмусаев, қазақ күресінен ҚР жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Ильяс Измагилов, Жамбы ату федерациясының бас директоры Елнұр Исақұл, Жамбы атудан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев, Ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев, «Жекпе – жек ұлттық спорт федерациясы» РҚБ вице-президенті Азиз Анетов, бәйгеден ҚР ұлттық дәрежедегі спорт төрешісі Талғат Насыр секілді елдегі спорт майталмандары келіп, білгенімен бөлісті.

127923dd-79bf-446a-8e92-9d9a72128def
​– Спорт денсаулық кепілі ғана емес, елдің мерейі. Ал ұлттық спорт халық ретіндегі ерекшелігімізді көрсететін құрал. Оның дамуына әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет. Қалалық спорт бөлімі жыл бойы түрлі жарыстар ұйымдастырып, ұлттық спортты ұлықтау барынша атсалысып келеді. Бастамамызға қолдау танытып, жолдың шалғайлығы мен күн райының қолайсыздығына қарамай келген аудандағы әріптестерге, білгенін үйретіп, кем-кетігімізді түзеуге қолғабыс бермекке келген қадірменді қонақтарға алғысымыз шексіз. Осындай сминарлар ұлт спортын дамытам деп жүрген жандардың өзара пікір алмасып, білген-түйгендерін өзгеге үйрету көп ықпал етеді. Спортымыз дамып, еліміз өркендей берсін,– деді шараның ашылуында Армат Исанов.

f09966b9-081d-4dbd-bf63-791d150a075e
​Семинар-практикум барысында өңірдегі ұлттық спортты дамыту бағытында қандай шаруалар атқарылғаны, болашақта қандай іс жасалатыны жайында сөз болды. Облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті, ұлттық спорт түрлерінен ОБЖСМ директоры Ерболат Байбатыров облыстық ұлттық спорт федерациясы көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, жаппай көкпар сияқты спорт түрлерін дамытуға күш салып жатқанын айтты. Сөзінше, өңірде ұлттық ат спортын дамыту Ақжайық, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында жақсы жолға қойылған.
–Ұлттық спорт түрлерімен шұғылданушылардан ересек адамдар саны 2023 жылы 292 адам болса, былтыр ол көрсеткіш 369 адамға көбейді. Ал жастар мен жасөспірімдер саны 2023 жылы 373 адам, 2024 жылы 472 адамға жетті. Жетістіктер де жоқ емес. Қазіргі таңда Бекнұр Серіков теңге ілуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, Мағжан Жеңісов пен Төрехан Бақытжанов Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алды. Абай Кенжебаев, Бейбіт Аронов, Төлеби Қайыржанов, Бекарыс Бейбітұлы, Мирас Дәрібай, Рүстем Қойбағаров сынды спортшылар аударыспақтан Қазақстан Республикасының спорт шеберлері болды. Одан бөлек 60-тан астам спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер,–деді Ерболат Сағатұлы.
2015 жылы құрылған ұлттық спорт федерациясы қарқынды жұмысты 2020 жылы бастады. Облыс әкімдігі, спорт басқармасы және барлық аудан әкімдерімен тығыз байланыс орнатқан федерация жасөспірім, жастар, ересектер арасында облыс чемпионаттарын тұрақты өткізе бастады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала рухы» атты республикалық фестивалді, Батыс аймақтық іріктеу кезеңін ойдағыдай өтуіне мұрындық болды. 2021 жылы Оралда жаппай көкпардан жылы 3 жарыс өтсе, бытыр федерация 6 жарыс ұйымдастырған. Ерболат Байбатыров өз сөзінде осы кезге дейін ұлттық спорт фелдерациясы талай жарыстың өтуіне ықпал еткенін, ондай спорттық жарыстардың жүйелі және көп өтуінің нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы тұрғындары арасында ұлттық спортқа деген қызығушылық оянып жатқанын атап өтті. Әсіресе, Бәйтерек ауданында «Agrofest Batys 2024» фестивалінде және аталған ауданның 85 жылдығына орай көкпар фестивалі көпшіліктің көңілінен шыққанын айтты. Осы күні көкпарға тілігілетін сыйлық көлемі де артып жатқанын жеткізді.
–Ұлттық спорт мектебінің ат спорты бөлімінің спортшыларына көкпар етігі, аттың жабуы, көкпар ойынын ойнауға арналған муляж, спорттық аттарға арналған құралдар, Батыс Қазақстан облысы аударыспақ құрама командасына форма федерация атынан алынды.
Республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен спортшыларымызға демеушілердің қолдауымен федерация атынан сый-сияпат табысталды. Көшпенділер ойының жеңімпазы Бекнұр Серіков те қомақты қаржыға ие болды және спорттық жылқы алынды. Бәйтерек ауданының мәслихат депутаты, кәсіпкер Бекболат Шканов, «Нұр-Ер» туристік орталығының басшысы Нұрболат Исмагулов, «Саят» этно-туристік орталығының басшысы Мұрат Жәкібаев сынды азаматтар ұлттық спорт жарыстары мен спортшыларына әрдайым қолдау көрсетіп, демеушілік жасап отырады. Алға қойған мақсатымыз айқын. Тоқтаусыз жұмыс жасай беретін боламыз,–деді Ерболат Байбатыров.
Жиында ұлттық спортта жиі көтеріліп жүрген төрешілік санаттарды рәсімдеу мәселелесі де қозғалды. Төрешілік мәртебесін алу, оның құзжатын қалай рәсімдеу керектігі жайында ҚР ұлттық спорт төрешісі, Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубтың директоры Әскербек Нұрмұханов баяндап, мәселені шешудің жолын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатқан «Бабалар ізімен» атты ұлттық спорт лигасы жайында жиналғандарға толық ақпарат берілді. елде жоқ ерекше жарыс жайында баяндама жасаған «Орал» спорт клубының директоры Орынбасар Ғилымов жарыс бағдарламасына аударыспақ, қазақ күресі, асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, садақ ату, теңге ілу және көкпар секілді ұлттық спорт түрлері енгізілгенін айтты. Осыған дейін өткен лига 2023 жылдың желтоқсанымен 2024 жылдың мамырына дейін созылған. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер салтанатты түрде марапатталған.
–«Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы қазақ халқының бай мәдениеті мен дәстүрін әлемге танытуға мүмкіндік бар»,–деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттық спорт түрлері мен бұқаралық спортты дамытуға және халық арасында ұлттық спортқа деген қызығушылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылатын ұлттық лига жарысының басты міндеті әуесқой спортшылардың жарыс тәжірибесін арттыруға. Аталған лига ұлттық ойындардың дамуына оң әсерін тигізді деп айтуға толық негіз бар,–деді Орынбасар Ғилымұлы.
Шараны қорытындылаған ұлттық спорт қауымдастығы өкілі, ҚР ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбөриев өңірдегі ұлттық спорттың даму көрсеткіші өзге облыстарған қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтты.
–Мақсатымыз ұлттық спорт мектептері бар өңірлерлерді ұлттық спорт клубтарын ашуға мұрындық болу. Өйкені бала күнінде ұлттық спортты жанына серік еткен көп адам есейген кезде жарысқа шыға алмай жатады. Сондықтан өз спортымызды дамытудың бірден бір жолы кәсіпқой ұлттық спортты насихаттайтын клубтарды құру. Сол арқылы ересек спортшылардың шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береміз. Қазіргі таңда елімізде 13 ұлттық спорт меткебі бар, 8 кәсіби ұлттық спорт клубы бар, бюір орталық және ұлттық спорты дамыту дерекциясы бар. Батыс өңірінің ұлттық спорттағы жетістігі де көп әлемдік додаларды орын алып жүрген спортшылар көп. Әсіресе аударысақ, теңге ілу спорты жақсы жолға қойылған. Алдағы уақытта өңір спорт басшылығы резрев дайындауға мықтап көңіл бөлсе, өңір спортшыларының әлеуеті зор,–деді Нүркен Байбөриев.
Шара барысында ұлттық спорт жанашырлары өңірге жаңа үлгідегі халықаралық талаптарға сай келетін ипподром салынса деген тілегін білдірді. Оған жауап берген Орал қаласы спорт бөлімінің басшысы қазіргі таңда ипподромға қажетті жер белгіленгенін айтты. Ол орынға топографиялық түсірілім жасалған. Енді жобалық-сметалық құжаттамысын дайындап, қаржыландыру орын алса, жаңа атшабар көптің игілігіне берілетінін жеткізді.
Семинар-практикум соңында әр спорт түрі мамандарына арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале