Оралда «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөліміне жаңадан келген сарбаздар салтанатты түрде ант берді.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Алматы, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстарынан келген 150-дей жас жауынгер бір ай бойы оқу бөлімінде саптық, атыс және дене дайындығынан өтті. Олар әскери жарғы талаптарын үйреніп, бөлімнің тарихымен, мықты тұлғаларымен танысты.
Жиынға қатысқан «Батыс» өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Исатай Жәрдемов әр бөлімшеге келіп, ант берген сарбаздарды құттықтады. «Сендер ҚР Ұлттық ұланының 25 жылдығы тойланған жылы Отан қорғаушылар атанып отырсыңдар. Әрдайым елге берген анттарыңа адал болып, Тәуелсіздігімізді нығайтуға үлес қоса беріңдер!» деді И.Жәрдемов.
Сондай-ақ 5517-әскери бөлім командирі, подполковник Асылбек Шайкамалов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы, доғарыстағы полковник Бақытжан Бердиев, қатардағы жауынгер Бекзат Мараттың анасы Диана Марат жас сарбаздардың өз борыштарын абыроймен атқаруға тілектестіктерін білдірді. Салтанатты түрде ант берген сарбаздар сап түзеп өткеннен кейін жан-жақтан жиналған ата-аналардың құрметіне әскери оркестр (дирижеры - аға лейтенант Данияр Ерғусаев) арнайы концерт қойды. Ата-аналар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.