Орал қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында жоғары қырағылық пен кәсіби даярлықтың үлгісін көрсетті. Өткен демалыс күндері патрульдік-бекеттік қызметке жұмылдырылған әскери жасақ бір күннің ішінде екі бірдей оқиға бойынша жедел әрекет етіп, қала тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетті.

Сағат 18:05 шамасында қызмет атқарып жүрген әскери жасаққа кәмелетке толмаған жасөспірім жүгініп, інісінің жоғалып кеткенін айтып, көмек сұраған. Жағдайдың маңыздылығын ескерген жасақ бастығы лейтенант Жасұлан Набиев патрульшілер Ерасыл Байнияз, Бекжан Амандықұлы және Серік Жалғаспен бірлесіп, шұғыл түрде іздестіру шараларын ұйымдастырды.
Әскери қызметшілер баланың жүруі ықтимал бағыттарды қарап, жақын маңдағы аумақтарды мұқият тексеруге кірісті. Жүйелі әрі үйлесімді жүргізілген іздеу жұмыстарының нәтижесінде берілген белгілерге сәйкес келетіні анықталып, ағасына аман-есен тапсырылды.


Осы аймақта кейінірек тағы бір тұрғын әскери жасақтан жоғалтқан ұялы телефонын табуға көмек сұраған. Әскери қызметшілер жүргізген шаралар нәтижесінде жоғалған телефон табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің мұндай жедел әрекеті – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Қала тұрғындары ұландықтардың кәсібилігі мен жауапкершілігіне ризашылықтарын білдіріп, ел тыныштығын күзетудегі табанды еңбектеріне алғыс айтты.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі