Ұлттық ұланның жас жүргізушілері тәжірибе арқылы теориялық білімдерін шыңдап, әскери техниканы басқару қабілетін көрсетіп, жауынгерлік машинамен түрлі кедергілерді еңсерудің барлық мүмкіндігін зерделеді.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің 2022 жылғы шақырылым сарбаздарына 150 шақырымдық марш тактикалық-арнайы сабағы өткізілді.
Әскери техникамен марш жасау бұл - взвод немесе ротаның құрамында жай жүріп өту емес. Марш - бұл ең алдымен, жас жауынгерлердің жауынгерлік техниканы қиын жағдайда, түрлі кедергілер пайда болған кезде дұрыс басқаруы. Оқу-жаттығу барысында жас жауынгерлер өздерінің алған білімдерін іс-жүзінде қолданып қиын жағдайларда техниканы басқарып, әртүрлі кедергілерді еңсеріп, шектеулі және ойық өтпелерден өтті.
Шеру барысында материалдық-техникалық қамтамасыз ету ротасының жауынгерлеріне барлық жағдай жасалып, әскери қызметкерлерге арналған жуыну орындары, далалық жанар-жағармай құю бекеті орнатылды. Азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіліп, үш мезгілдік ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Енді 150 шақырым маршты мүлтіксіз жүріп өткен жас жауынгерлер әскери көліктерді өз бетінше басқаруға рұқсат алады.
Ертуған Әубакир,
капитан