Орал қаласында орналасқан №28 қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің күзетінде тұрған бақылау өткізу пунктінің кезекшісіне пара ұсынбақ болған азаматша ұсталды.
20 қараша күні сағат 12.00 шамасында сотталған «А» есімді азаматқа сәлемдемеге келген «Б» есімді азаматшаның өзімен бірге алып келген азық-түлігі мөлшерден асып кеткен. Осы тұста сотталушыға келген «Б» есімді азаматша бақылау өткізу пунктінде жауынгерлік қызметте тұрған сержант Дамир Орашевқа азық-түліктің барлығын ішке заңсыз кіргізіп беру үшін 5000 теңге пара ұсынған. Ұлттық ұлан жауынгері сержант Дамир Орашев жаңдайды дереу қарауыл бастығына баяндап, оқиға орнына қалалық жедел іздестіру тобын шақырған.
Қазіргі таңда әскери қызметшіге пара ұсынған азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 367-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Бұл бап мемлекеттік қызметкерге пара беруге әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі