Оралда Ұлттық ұланның "Батыс" өңірлік қолбасшылығы 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері "ВАЗ 2106" және "ГАЗель" маркалы автокөліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен үш жолаушыға жедел медициналық көмек көрсетті.
Оқиға 19 қыркүйек күні шамамен сағат 14.15-те 2-ші саяжай ауданы маңында, Теректі ауданы Подстепный ауылына қарай шығатын жолда болды. “ВАЗ 2106» автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргінші өткелінде тұрған «ГАЗель» автокөлігінің артынан келіп соғылған. Сол маңда қызметте жүрген әскери бөлім штабы бастығының аға көмекшісі, капитан Данияр Наурызғалиев, жауынгерлік қамтамасыз ету ротасының командирі, капитан Медет Мұхтаров және медицина қызметкері, санитарлық нұсқаушы, ефрейтор Абылай Амангелді осы оқиғаның куәгері болды.
Сақшылар оқиға туралы жедел қызметке хабарлап, зардап шеккендерге бірінші болып көмекке ұмтылды. Жеңіл көлікте үш әйел отырған. Капитандар Д.Наурызғалиев пен М.Мұхтаров әуелі алдыңғы орындықта қысылып қалған егде әйелді алып шықты. Содан кейін тағы екеуінің салоннан шығуына көмектесіп, ефрейтор А.Амангелдімен бірге алғашқы медициналық жәрдем көрсетті.
Екінші саяжай тұрғыны, оқиға куәгері Жайнагүл Мұратқызы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне алғысын білдірді.
– Өкінішке орай, қазір мұндай жағдайларға адамдар селқос қарап өтіп кетеді, ал кейбіреулері интернетте "лайк" жинау үшін телефонға түсіріп жатады. Сондықтан ұландықтардың бұл әрекеті – біздің қоғамда жерлестерінің тағдырына әлі де бейжай қарамайтын адамдардың бар екенін көрсетті. Мен Ұлттық ұлан әскерлерінде осындай қырағы да батыл жауынгерлер қызмет ететініне қуаныштымын, – деді ол.
Ұландықтар өз әрекеттерін батылдық деп санамайды. Олардың пікірінше, мұндай жағдайда әр адам зардап шеккендерге қолұшын беруі тиіс.
подполковник Ерболат Сұлтанов, Орал