15 қыркүйек күні Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде тіл айлығының «Тілге құрмет – елге құрмет» акциясы аясында қазақтын бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Ұлы Абай – халық жүрегінде» атты жалпыреспубликалық ашық диктантқа бөлімнің жеке құрамы қатысты.
Акцияның мақсаты – қазақ әліпбиін насихаттау және жазу дағдысын қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік тілді білуге қызығушылықтарын арттырып, қазақ тілінде жазу сауаттылығын байқау.
Айтулы шараға Ұлттық ұланның 500-ге жуық әскери қызметкері қатысты. Қатысушылар арнайы белгіленген сыныптар мен әскери саптық алаңында арнайы мәтінді ауызша және аудио тыңдау арқылы жазды.
– Бүгінгі шараға менің жалғастырушы тобымда оқитын әскери қызметкерлердің бәрі бір кісідей қатысты. Диктант жазу ешқандай қиындық туғызған жоқ. Қазіргі таңда сабақ барысында қазақ әліпбиін қолданып жүрміз, – дейді аға лейтенант Андрей Логунов.
– Жалпыреспубликалық диктантқа біздің 5517 әскери бөлімінің әскери қызметшілері белсенді қатысты. Акция әскердегі жауынгерлік қызметке кедергі келтірген жоқ. Шараның мақсаты – Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қазақ әліппесін қаншалықты меңгергендерін бағалау. Қатысушыларға баға қойылмайды. Оларды «нашар жаздың» немесе «үздік баға алдың» деп бөлмейміз. Біздің көздеп отырған мақсатымыз – қоғамымызда халықты ұйыстырушы фактор – мемлекеттік тілді білуге ынталандыру, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту, – деді шараны ұйымдастырушы 5517 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімшесінің бастығы, мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға офицері, майор Алмагүл Жұмабекова.
Ерболат Сұлтанов,
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы,
подполковник