Елімізде «Ұлы Жеңіске 100 күн қалды» атты патриоттық акция басталды. Бұл шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды және алдағы 100 күн бойы жалғасады.
Акция аясында Ұлттық ұланның әскери оркестрі Орал қаласының саябақтары мен қоғамдық орындарында соғыс жылдарындағы әндерді орындап, тұрғындарға ерекше рухани әсер сыйлады. Бұл әндер ерлік пен батылдықтың символына айналып, майдангер жауынгерлердің рухын көтерген шығармалар болып саналады.
Қала тұрғындары үшін ұйымдастырылған бұл мәдени іс-шара патриотизмді нығайтып, ардагерлерге деген құрметті арттыруға бағытталған.
Әскери оркестрдің орындауындағы әндер жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді. Қаланың орталық көшелері мен алаңдарында танымал әуендер шырқалған сәтте тұрғындар қолдау білдіріп, кейбірі бірге қосылып ән шырқады.
Ұлттық ұлан өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар тек Орал қаласында ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерінде өткізілуде. Акция аясында әскери-тарихи дәрістер, ерлік сабақтары, ардагерлермен кездесулер және басқа да патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бұл бастама жас ұрпақтың тарихи жадын жаңғыртып, батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтауға және отансүйгіштік сезімін күшейтуге септігін тигізеді.
Алдағы 100 күн бойы жалғасатын акцияның басты мақсаты – Жеңіс күнінің маңыздылығын жас ұрпаққа түсіндіру және ардагерлерге құрмет көрсету.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі