«Park Hotel» кешенінде өткен жиынды ҚР Энергетика министрлігінің және облыс әкімдігінің қолдауымен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» (ҚПО) компаниясы ұйымдастырған.
Форум еліміздегі «Жасыл экономика» тұжырымдамасын және ҚР 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру шеңберінде дәстүрлі түрде өтіп келеді. Халықаралық жиынға қоршаған ортаны қорғау, энергия тиімділігі мен қалдықтарды өңдеу салаларының сарапшылары, тиісті министрліктер мен мекемелердің басшылары, орталық және облыстық мемлекеттік органдардың өкілдері, мұнай-газ компанияларының басшылары, қоғамдық ұйымдар мен салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.
– Бұл форумның Орал қаласында ұйымдастырылуы біз үшін маңызды. Орал – экологиялық таза, жасыл экономика принциптерін сақтайтын мәдениетті қала. Мұндай жетістікке жетуде тек әкімшілік қызметкерлерінің ғана емес, қоғамның үлесі тұр. Бұл форумның қоршаған ортаны қорғаушылардың кәсіби мерекесіне тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жүйелі мәселелерді шешу мемлекеттің маңызды міндеті екенін атап өтті. Осы орайда өңірімізде ұйымдастырылып отырған бұл форумның маңызы орасан. Ұйымдастырылып жүргеніне аз уақыт болса да, экологиялық өзекті мәселелерді талқылайтын халықаралық алаңға айналды. «Uralsk Green Forum» халықаралық форумы қоршаған ортаны қолдау мәселелерін шешуде зор үлесін қосады деп сенемін. Шараның өтуіне үлес қосқан «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының басшылығына алғысым зор. Қоршаған ортаны қорғау мәселесімен мәдениеті дамыған елдер ғана айналысады. Біздің облыс әлемдік нарық айдынына сенімді қадам басты. Өңір кәсіпорындары бүгінде дүние жүзінің бірнеше мемлекетімен әріптестік байланыс орнатты. Өңірде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жұмыстары да қолға алынуда. Қаладағы шыны өңдеуге және жоғары сапалы әйнек пакеттерін өндіруге бағытталған «Стеклосервис» компаниясы жаңа технология арқылы термо мықтылығы күшейтілген әйнек өндіріп шығарды. Соның нәтижесінде кондиционерлердің қажеттілігі азаюда. Сондай-ақ ет өнеркәсібімен айналысатын «Кублей» компаниясы қалдықсыз өндірісіке бағыт алды. «Кама» орталығы шиналарды қайта өңдеу кәсібімен айналысады. Фин инвесторларының қолдауымен тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін кешен іске қосылды. Қазір тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бойынша жұмыстар жүргізуде. Содан соң қайта өңделетін болады. «Жасыл экономикаға» көшу бағытында осындай бірнеше жобалар жүзеге асуда, – деді форумда облыс әкімі Алтай Көлгінов.
«ҚПО б.в.» бас директоры Эдвин Бломның айтуынша, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» кен орны былтыр 40 жылдығын атап өткен. Аталмыш компания өз қызметінің барлық аспектісінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы тұрақты даму қағидаттары мен жоғары стандарттарға сүйенеді. Сондай-ақ экологиялық мәселелер бойынша барлық мүдделі тараппен белсенді қарым-қатынас жасап, қоғам алдында өзінің ашықтығы пен жауапкершілігін ұстанатындығын жеткізді. Компания қоршаған ортаны қорғаудың өзекті мәселелері бойынша бизнес пен мемлекет арасындағы ашық диалогты, сондай-ақ қуат үнемдеу, қуат тиімділігі және қалдықтарды басқару саласындағы заманауи тәсілдер мен шешімдерді қолдайтынын атап өтті.
Ал еліміздегі «Eni Energy Solutions» сарқылмайтын қуат көздері жобасының басшысы Алекс Стилавато күн мен желден алатын энергияның тиімділігіне тоқталса, «Шелл» концернінің төрағасы Оливье Лазар «Жасыл экономиканың» маңыздылығын атап өтті.
Содан соң «ҚР Экологиялық кодексін өзектендіру шеңберінде экологиялық қатынастарды реттеу» туралы панельдік сессияда Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқармасының төрайымы Айгүл Соловьева, «Kazenergy» мұнай-газ және энергетикалық кешенінің қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ-ның атқарушы директоры Рүстем Қабжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің бас кеңесшісі Нұрғазы Жанашев сөз алып, экология қатысты өзекті мәселелер көтерді.
Форум барысында бірқатар студенттер «Өзіңнен баста» экологиялық ролигін ұсынып, облыс әкімінің алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ «ҚПО б.в.» компаниясының экологиялық эмблемасын жасауға қатысты байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті Әсем Иманғалиеваға бұйырып, ол 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Гүлсезім Бияшева,
суретке түсірген Темірболат Тоқмамбетов