Өткен аптада үш күн ішінде Оралда бір айлық норма – 22 мм қар түсті. Жауын-шашын мөлшері Бөрлі ауданында айлық норманың 82%, Сырым ауданында 84%, Шыңғырлау ауданында 83%-ын құрады.
Төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезектен тыс отырысында гидрометеорологиялық жағдай және қар шығару мәселесі талқыланды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев су тасқынына дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда өңірде жауын-шашынның нормадан көп түскенін және ауа райы болжамын ескере отырып, қарғын судан қорғану үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет деді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың мәліметінше, 21-24 ақпан күндері Оңтүстік-Каспий циклонының ықпалымен барлық ауданда жауын-шашын түскен. Циклонның басым бөлігі облыстың солтүстік және шығыс бөліктерін қамтыған. Үш күн ішінде Орал қаласында жауын-шашынның бір айлық мөлшеріндей түскен. Әсіресе, Бәйтерек, Шыңғырлау, Сырым, Теректі аудандарында және Орал қаласында түскен жауын-шашын нормадан артық. 25 ақпанда облыстың басым бөлігінде қар жамылғысының орташа биіктігі нормадан төмен, тек Шыңғырлау ауданында нормадан артық болған. 17-21 ақпан аралығында облыс аумағы Арктикалық антициклонының ықпалында болып, ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеді. Сол кезде тоң қалыңдап, 2024 жылғы көрсеткіштен асып түскен. Топырақ қабатының ең қатты қалыңдығы Орал қаласында – 109, Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында – 107, Шыңғырлау ауданында – 102, Бәйтерек ауданында – 101 см.
– Ресейдің көршілес Орынбор облысында орналасқан Ирикла қоймасы жіберу көлемін 26 ақпаннан бастап көбейтті. Себебі одан жоғары орналасқан Верхнеуральск су қоймасы секундына 6 текше метрден 25 текше метрге дейін, Магнитогорск су қоймасы 7 текше метрден 28 текше метрге дейін су жіберуде. Сәйкесінше Ирикла қоймасына келетін су мөлшері артып, секундына 156 текше метрге дейін жетті. Бұл көрсеткіш 4 наурызға дейін сақталады, – деді Тілеген Қойшыбайұлы.
Филиал директоры облыс бойынша наурыз айына алдын ала консультативті болжамға тоқталды. Оның айтуынша, ауаның орташа айлық температурасы +2, +4°С болуы мүмкін. Бұл нормадан 2° жоғары (норма: -3,9, +1,1 °С). Бірінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде -10, -15°С шамасында сақталады. Кейін ауа температурасы жоғарылап, күндізгі уақытта +1, +6°С дейін жоғарылауы кәдік. Үшінші онкүндікте ауа температурасының түнде +1, +6°С-қа дейін, күндіз +5, +10°С-қа дейін жоғарылауы болжанып отыр. Ал жауын-шашынның айлық мөлшері нормадан (14-27 мм) көп болуы мүмкін. Бір айдың ішінде жаңбыр, жылбысқы қар жауып, жел күшеюі ғажап емес. Бірінші онкүндіктің басында және ортасында бұрқасын болатыны болжанып отыр. Наурыз айында көктайғақ болуы мүмкін. Гидрометеожағдайлар күрт өзгерсе, су тасқынының қаупі туралы 2-3 тәулік бұрын ескертіледі. «Қазсушар» РМК БҚО филиалының директоры Рауан Құсайыновтың айтуынша, су қоймаларындағы жағдай қалыпты.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ернар Жалеловтің мәліметінше, өңірде қар шығару жұмысына 1,7 млрд теңге бөлінген. Алайда Ақжайық, Жаңақала, Казталов және Шыңғырлау аудандарындағы елді мекендерде әлі қар шығарылмаған. Ол әсіресе су басуы мүмкін елді мекендердегі тасқын судың алдын алу жұмысы жүргізілмей жатқанын атап өтті. Мәселен, Бәйтерек ауданында Мичурин және Переметное ауылдарындағы ақ ұлпа тасымалданып жатқанмен, Асан, Зеленое және Байқоныс ауылдарында қар шығарылмаған. Сырым, Тасқала және Қаратөбе аудандарында да бұл жұмыс ақсап тұр деді.
– Нариман Төреғалиұлы, былтырғы су тасқыны наурыз айында бір айлық жауын-шашынның жауып, қардың тез еріп, су тасқынына әкелетінін көрсетті. Егер қар уақтылы және тиісінше тазартылмаса, елді мекендерді қарғын су басуы мүмкін. Сондықтан су басу қаупін барынша азайту үшін қар тазалауға арналған техника көлемін тез арада көбейту қажет, – деді Ернар Ермекұлы. Бүгінгі таңда Ақжайық, Теректі, Тасқала, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласының әкімдіктері 92 техниканы пайдалану үшін 28 келісімшарт жасасқан. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы мұз жаруға дайындық барысын ширатуды тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы аудан әкімдерінен неге қар шығармай жатқандарын сұрады. Әсіресе, су басуы мүмкін елді мекендердің қары тазартылуы тиіс. Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалиннің айтуынша, Чапаев ауылында ғана шығаратын қар бар. Қалған ауылдардағы ақ ұлпаны жел далаға үріп кеткен. Ал Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев ауданда қар шығаратындай қажеттілік жоқ деді. Шыңғырлау мен Казталов аудандарының басшылары да осындай уәж айтты. Облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына аудандардағы қардың жағдайын анықтау үшін арнайы комиссия шығаруды тапсырды. «Қар шығаруға қажеттілік жоқ деп отырсыздар. Техника да, қаражат та бар. Қазір қардан ешқандай қауіп жоқ деп отырған әкімдердің сөздері хаттамаға түсірілді. Уақыты келгенде, жағдай басқаша болса, бастарыңызбен жауап бересіздер», – деп қатаң ескертті Нариман Төреғалиұлы.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»
Фото: instagram.com