Қаладағы «Ақ Сарай» мейрамханасында Ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты кешке облыстық, қалалық, аудандық білім беру ұйымдарының педагогтері және ардагер ұстаздар қатысты.
Мерекелік іс-шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов педагогтер қауымының болашақ ұрпағымызды оқытып, тәрбиелеудегі маңызы зор екендігін атап өтті.
– Сіздердің бала көңілдеріңіз әр оқушының жан-дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат төгуде. Әр адамның жүрек түкпірінде сағынышпен еске алатын өз ұстазы бар. Ол бізге өмірге жол сілтеп, бағыт-бағдар беріп, ғылым-білімге үйреткен аяулы жан. Бүгін өңіріміздегі барша педагогтер қауымын облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан кәсіби мерекемен құттықтаймын! Соның ішінде аса қадірлі ардагер ұстаздарымызға ерекше құрмет білдіремін. Қазақстандағы тұңғыш мектепті 1841 жылы Жәңгір хан салған болатын. Сол Жәңгір хан ізін салған ұрпақ Алаш арыстарын алып келді. 1932 жылы педагогикалық институттардың бірі де біздің өңірде ашылды. Өңіріміздің білім саласында жоғары жетістік көрсетуі тегін емес. Біз білім саласындағы өткен тарихымызбен мақтанамыз. Бізді ізгілік пен адамгершілікке баулыған ұстаздар қауымына мың алғыс, - деді Бақытжан Хаберұлы.
Балдық сипатта өткен әдемі кеште бірқатар педагогке облыс әкімінің алғысхаты мен мен түрлі аталымдар табысталды.
Орал ақпараттық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Гүлнар Ищанова «Батыс Қазақстан облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталса, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтпукешев, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ «БҚО бойынша кәсіби даму институты» филиалының директоры Софья Измұханбетова, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Нұрғазы, Ақжайық ауданы, М.Әуезов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Светлана Сабырова, Жаңақала ауданы, Жаңақала орта мектебінің тарих, құқық және экономика негіздері пәнінің мұғалімі Сағыныш Қожағалиева және тағы басқалар облыс әкімінің алғысхатын иеленді.
Бұл күні ізденімпаздығымен, дарынымен заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруға үлес қосқан ұстаздардың құшағы гүлге толды.
Бүлдіршіндерді республикалық байқауларға алып шыққан мектепке дейінгі ұйымның педагогтеріне «БҚО бойынша Ізгілікті ұялатқан», шәкірттері олимпиадада топ жарған үздік педагогтер «Жетістікке жетелеген», оқушылары қосымша білім беру саласында жеңіске жеткен үздік педагогтер «Қосымша білім беру жанашыры», ерекше білім беруді қажет ететін, және ата-анасыз қалған балаларды тәрбиелеп жүрген үздік педагогтер «Жан шуағы» аталымдарымен марапатталды.
Олардың қатарында №22 «Колобок» бөбекжайының қазақ тілі пәні мұғалімі Любовь Айтасова, №7 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсара Мұқанова, Облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының қосымша білім беру педагогі Алтай Кушегалиев, Облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат-кешенінің бастауыш сынып мұғалімі Гүлсін Гусманова тағы басқалар бар.
Салтанатты шара соңы әдемі балл кешіне ұласты.
Гүлжамал Жолдығали
zhaikpress.kz