Бүгін облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Ұстаздар күні мерекесіне арналған «100 жаңа есім» атты мерекелік шара өтті.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, өңірдің ардагер-ұстаздары, білім мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері қатысты.
-Бүгінгі күннің ең басты жаңалығы Елбасымыз жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы болып отыр. Президент өз Жолдауында келер жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет екендігін баса айтты. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау. Яғни ұстаз тек сабақ берумен айналысу керек деген принципті ұстанады. Қоғамдағы мұғалімнің мәртебесін көтеру қажеттігі алқалы жиындарда да айтылып жүр. Облыс бойынша биыл үш мектептің құрылысы аяқталған болса, білім ошақтарын салу мен жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда. Бұлардың барлығы - өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында атқарылып жатқан игі істер. Құрметті ұстаздар мен сала ардагерлері! Сіздерді бүгінгі Ұстаздар күні мерекесімен облыс әкімінің және барша батысқазақстандықтардың атынан шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық пен еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деді Ғабидолла Оспанқұлов.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары биыл өткізілген «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттап, оларға 2,4 млн. теңгенің сертификатын табыстады. Мерейі үстем болып, марапат иегерлері атанғандардың қатарында Тасқала ауданы С.Жақсығұлов атындағы мектептің география және биология пәндерінің мұғалімі Николай Вологин, Ақжайық ауданы «Балбөбек» бөбекжайының әдіскері Светлана Сиражева, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Әсел Ғалиаскарова бар.
Сондай-ақ мерекелік шарада бірқатар ұздаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің наградалары табысталды. Атап айтқанда, дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектептің бастауыш сынып мұғалімі Наталья Тыщенко, Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Мансия Сакиева «Ы.Алтынсарин» төсбелгiсiнің иегері атанды. Ал Қазталов ауданы К.Меңдалиев атындағы мектептің математика және физика пәндерінің мұғалімі Гүлбаршын Молдашева мен Ақжайық ауданы Абай атындағы мектеп гимназиясының география пәнінің ұстазы Қымбат Қуанышқалиева «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгiсiмен марапатталды.
Ұстаздарды ұлықтауға арналған кеште прагматизм мен білім культі идеяларын жүзеге асырып, өңіріміздегі білім саласының дамуына үлес қосқан, аудан, қала, облыс, республика деңгейінде оқушыларының жетістіктерімен, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген ұстаздарды үлгі етуді мақсат еткен «100 жаңа есім» жобасының қорытындысы да жарияланды.
Мерекелік шара соңы ұстаздар қауымына арналған концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!