Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Орал шаһарында 21-23 ақпан аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің арасында волейболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
Аталмыш додаға құқықтық тәртіп әскерінің «Оңтүстік» (Алматы қ.), «Орталық» (Қарағанды қ.), «Батыс» (Орал қ.) және «Шығыс» (Өскемен қ.) өңірлік қолбасшылықтары мен Ұлттық ұлан Академиясының (Петропавл қ.), 5573 (Астана қ.) және 6654 (Қаракемер кенті) әскери бөлімдерінің командалары қатысып – барлығы 80-ге жуық спортшылар өзара бақ сынады.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында өткен чемпионаттың мақсаты — әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы мен спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, облыстық және республикалық чемпионаттарға, құқық қорғау органдары, ІІМ арнаулы және күштік құрылымдары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен шет елдер арасындағы жарыстарға мықты спортшыларды іріктеу еді.
Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізілді, спортшылар әр кездесуде екі партиядан ойнады. Командалар тең түскен жағдайда 15 ұпайға дейін қосымша партия ойнатылды. Әр кездесудегі жеңісі үшін командаға – 1 балл, ұтылғаны үшін – 0 балл берілді. Чемпионат жеңімпазы кездесулердегі жеңіс санының көптігімен анықталды.
Өткізілген жарысқа қатысқан ұландықтар бар шеберліктерін көрсетіп, өз командалары үшін аянып қалмады. Жалпы жарыс 3 күнге созылды. Тартысты өткен жарыстың қортындысы бойынша «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы бірінші орынға қол жеткізсе, екінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ойыншылыры иеленді, ал үшінші орынды Петропавол қаласынан келген Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскери Академиясының командасы қанағат тұтты. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар қатысушылар арасында келесідей номинациялар бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік ойыншы» номинациясына қатардағы жауынгер Ербол Ералыұлы (Батыс өңірлік қолбасшылығы) «Үздік байланыстырушы» номинациясына ефрейтор Зарикпаев Диас Амангельдіұлы (Шығыс өңірлік қолбасшылығы) «Үздік шабуылшы» номинациясына 5573 әскери бөлімінің ойыншысы қатардағы жауынгер Жасқайрат Ерсұлтан Бақтыбайұлы (Астана қаласы) «Үздік қорғаушы» номинациясына қатардағы жауынгер Серік Ермұхан Сергейұлы (Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы) қол жеткізді.
Ұлттық ұлан жауынгерлері арасындағы чемпионатты қортындылай келе Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Сағынғалиұлы сөз алып, Орал шаһарында осындай жарыс ұйымдастырып салауатты өмір салтын ұстанып жүрген ұландықтарға алғысын білдіріп, жүлдегерлермен жеңімпаз команданы құттықтады. Сондай-ақ айтулы шарада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның дене дайындығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Абишев Сатжан сөз сөйлеп, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Орал қаласының әкімдігіне, Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына және «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамының ұжымына алғысы шексіз екендігін жеткізді.
Волейбол ептілікпен шапшаңдылықты талап ететін ойын түрі болып табылады. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскерінде осы спорт түрі қарқынды дамып келеді. Осы жарыста жеңіске жеткен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының командасы сәуір айында Астана қаласында күштік құрлымдардың арасында өтетін жарыста Ұлттық ұлан құқықтық тәртіп әскерінің намысын қорғайтын болады.
zhaikpress.kz