Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 15 миллиард теңгеден астам қаражат игеріліп жатқанын айтты. Бұл қаражат автожолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеуге, инженерлік желілер салуға және абаттандыруға бағытталды. Қазанның 1-і күнгі есеп бойынша қала бюджеті 80,8 миллиард теңгені құрады. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 51 пайыз көп. Қала бойынша құрылыс саласы мен тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығын дамытуға жұмсалатын шығын артқан.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жоба бойынша әрбір тұрғын қаланы дамытуға байланысты өзінің типтік жобасын ұсына алады және үздік жобаны азаматтар дауыс беру арқылы анықтайды, – деді шаһар басшысы. Әкімнің дерегіне сүйенсек, 8 ай ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 115,5 млрд. теңгеге жетті. Осы қаражаттың 71%-ы – өңдеу өнеркәсібінің үлесі. Есепті кезеңде қала экономикасына салынған инвестиция көлемі 50,9 миллиард теңге болды. Оның 75%-ын жергілікті және шетелдік кәсіпорындар қаражаты құрады. Барлық инвестиция көзінен жалпы құны 26,1 млрд. теңге болатын 459 нысан іске қосылды. Биыл 42,9 млрд. теңгеге 51 жобаны іске асыру жоспарлануда. Деркөл кентінің аумағында кіші индустриялық аймақ құру үшін жалпы көлемі 6 гектар екі жер учаскесі бөлінді.
«Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға жалпы сипаттағы трансферттен 1,8 млрд. теңге бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 7 326,6 млн. теңгеге 23 жоба мақұлданды, құны 1,2 млрд. теңге болатын төрт жобаны іске қосу қарастырылуда. Жобаның әлеуетті қатысушыларының дені – өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан филиалы арқылы екі бизнес-жобаны жүзеге асыруға 9 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар құны 140 млн. теңге 12 бизнес-жоба қарастырылуда.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20,270 млрд. теңге бөлінген. Жыл соңына дейін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында 1355 пәтерге есептелінген көппәтерлі 8 үй қолданысқа берілмек. Қалада жалпы ұзындығы 61 шақырым болатын 55 көшенің жолын жөндеу жұмысы жүргізілуде. Оған бюджет есебінен 9,3 млрд. теңге жұмсалуда. Шаһар ішінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сәуір айынан бастап көшелерге 10 бағдаршам, 12 қосымшалы бағдаршам, 50 жасанды кедергі орнатылды. 200 жаяу жүргінші өтпеліне термопластикалық жолақ жапсырылды. «Қауіпсіз аула» жүйесі бойынша учаскелік полиция пункттеріне 340 сыртқы бақылау камерасы орнатылды. Қазіргі уақытта 150 көшеде 7200 жарық шам ауыстырылды.
– Биыл абаттандыру жұмысы бойынша жалпы 400 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асуда. Үйлердің кіреберіс жолына асфальт-бетон төсеу, орындықтар мен қоқыс салатын ыдыс орнату, балалар ойын және спорт алаңдарын салу жұмысы қарастырылған. Биыл ҚР Тұңғыш Президенті, Абай алаңы мен Жеңіс алаңдарын, Жұбан тынымбағын жөндедік. Жасыл желек отырғызылып, кеспетастар мен шағын архитектуралық нысандар салынып, жарықтандыру жүргізілді, – деді Абат Шыныбеков. Әкімнің айтуынша, «Аймақтарды дамыту – 2020» бағдарламасы аясында биыл 258,2 млн. теңгеге 17 үйді жаңғыртылуда. Бағдарлама бойынша үш үйдің шатыры ауыстырылып жатыр. Брифингте Абат Шыныбеков қаладағы электр және кәріз желілерін жөндеу, көгалдандыру жұмысын баяндады. Оның сөзінше, жылыту маусымының дайындығына 405,900 млн. теңге қаражат жұмсалды.
Қала басшысы білім саласындағы жаңалықтарды баяндады. Коронавирус қаупіне байланысты Оралда 21 151 оқушы штаттық режимде, 32 мыңға жуық оқушы үйде білім алуда. Қашықтан оқып жатқандарға Үкімет резервінен 500 ноутбук пен 600 планшет таратылды. Жергілікті бюджет есебінен 866 компьютер, 17 ноутбук, 12 моноблок алынды. Оқушыларды компьютерлік құралдармен қамту жалғасын табады.
– №38 мектеп-лицейі Зашаған кентіндегі 900 орындық жаңа мектеп ғимаратына көшеді. Біріншіден, бұл – мемлекеттік шығындарды азайтуға мүмкіндік берсе, екіншіден, зашағандық оқушылардың лицейде сапалы білім алуына жағдай жасадық. «Ет комбинаты» шағынауданында орналасқан №33 мектеп ғимараты бұзылып, жаңадан салынуда. Облыс әкімінің тікелей қадағалауымен жеке инвестициялар есебінен №31 және 52 мектептер құрылысы басталды. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында 1 миллард 800 миллион теңгеге №21, 25 және 45 орта мектептер ғимараты күрделі жөнделуде, – деді Абат Шыныбеков.
Биыл қалада төрт спорт алаңы ашылды, сегіз спорт алаңы күрделі жөнделіп, екі спорт кешені мен екі спорт зал пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта «Деркөл» шағынауданының демалыс саябағындағы спорт алаңы күрделі жөнделуде. Қаланың Мөңкеұлы көшесіндегі тынымбақ ішінен жүгіруге арналған 2 км жол тарту, Street Workout алаңын салу және спорт алаңын күрделі жөндеу, жыл соңына дейін «Омега спорт спартак» спорт кешенінің ашылуы жоспарланған.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер