Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: ғылым мен қоғам диалогы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараға қазақстандық ғалымдармен қатар, Өзбекстан, Әзірбайжан және Түркия мемлекеттерінен келген белгілі ғалымдар, тарихшылар мен студенттер қатысты.

Конференцияның модераторы филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр бұл күнді ғылым мерекесі деп атап өтті.
«Тарихи жады – халықтың өз өткенін түсінуі, оны бағалауы және одан сабақ алуы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда тарихи жадыны жаңғыртуға үлкен көңіл бөлінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихын жоғалтқан жұрттың болашағы бұлыңғыр» деген болатын. Тарихтың мәнін терең ұғынбай, ұлттық бірегейлікті сақтап қалу мүмкін емес. Ұлттың мәдени құндылықтары, тілі, әдебиеті, дәстүрлері тарихи жадымен тікелей байланысты. Сондықтан ұлттық болмысты сақтаудың бірден-бір жолы – тарихи сананы қалыптастыру. Бүгінгі Қазақстанның геосаяси дамуында түркі бірлігінің, түркі интеграциясының да маңызы зор. Түркілердің ортақ тарихын бірлесе түгендейтін, ондағы зор рухани және материалдық ескерткіштерді насихаттайтын, әлем алдында Түркі мәдениеті деп таныстыруға лайық құндылықтарды көрсетіп, бірлесе ғылыми зерттеулер жүргізу аса өзекті. Сондықтан облыс әкімдігі, қоғамдық даму басқармасы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті бірлесе отырып, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тарихи жады және ұлттық бірегейлік: ғылым мен қоғам диалогы» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып отыр. Ақжайық өңіріне қош келдіңіздер! Конференцияның мақсаты – тарихи жадының философиялық, рухани және мәдени аспектілерін айқындау, ұлттық бірегейлік пен жаһандану үдерістерінің өзара ықпалын саралау, мемлекеттік идеология мен білім беру жүйесіндегі тарихи мұраның орнын бағамдау, түркі халықтары интеграциясы мәселесін сараптау, пәнаралық зерттеулерді дамыту», – деп атап өтіп, келген қонақтарды таныстырды.

Қадірлі қонақтардың қатарында Алматыдан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев, Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қара Әбдуақап, Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақ бөлімшесі жанындағы гуманитарлық ғылымдар институтының тарих бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Асқар Жұмашев, Әзірбайжанның Карабах университеті Ғылым департаментінің директоры, профессор, доктор Елчин Ибрагимов, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің Түркітану кафедрасының доценті, PhD докторы Талғат Молдабайұлы, Түркияның Хажеттепе университетінің әдебиет факультеті, түрік халық білімі бөлімінің профессоры, ғылым докторы ÖZKUL ÇOBANĞLU бар.

Бұдан соң сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев конференцияға қатысушыларға алғысын білдірді. Бұдан соң елде халықтың мәдени мұрасын зерделеуге, сақтауға, қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндады.
– Биыл түркі тілдес мемлекеттер ұйымының шешімімен мың бояулы мұнайлы өлке – Маңғыстау облысының орталығы Ақтау шаһары түркі әлемінің мәдени астанасы атанды. Түркі тілдес халықтардың ынтымағы мен бірегейлігін нығайту мақсатында жыл бойы көптеген байқау мен фестиваль, түркі әлемі суретшілерінің симпозиумы, түркі тілдес халықтар тарихын насихаттауға арналған ғылыми конференциялар секілді мазмұнға бай іс-шаралар өтті. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. 2022 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанында Ұлттық құрылтай құрылды. Кезінде хандарымыз бен билеріміз бас қосқан келелі кеңестерде тұтас елдің тағдыры шешілген. Бүгін Ұлттық құрылтай – ұлт болашағына қатысты маңызды мәселелерді талқылап, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналды. Ұлы Дала демократиясының жаңғырту жолындағы үлкен қадам деп есептейміз. Ұлттық құндылықтардың негізі саналатын тіл, тарих, салт-дәстүр, дін және ділді көз қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу, мемлекетімізді нығайту – Тәуелсіздігімізді сақтау жолындағы негізгі бағыт. Өткенін ұмытқан халықтың болашағы бұлыңғыр. Сана сілкінбеген жерде сапа болмайды, салиқалы ұрпақ өспейтіні ақиқат. Бүгінгі конференция тақырыпқа сай жаңа зерттеулер мен жобаларға жол ашып, оқу-ағартусаласына үлкен серпін береді деген сенімдеміз, –деді басқарма басшысы Қуанышбек Жанболатұлы.
Бұдан соң пленарлық мәжілісті ғалымдар тұшымды баяндамаларымен жалғады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Берекет Кәрібаев«Алтын орда тарихының өзекті мәселелері: қазіргі күн тұрғысынан саралау» деген тақырыпта ой толғады. Мәселен, ғалым Алтын орданың патшалық Ресей кезіндегі, кеңестік кезеңдегі тарихнамасында қандай мәселелер қарастырылғаны немесе қарастыруға тыйым салынғаны жөнінде айтты. Алтын орда тарихындағы саяси, этникалық, экономикалық мәселелердегі діннің ықпалы жөнінде баяндады. Ғалымның айтуынша, бұл мәселе таптық тұрғыдан қарастырылған кеңестік тарихнамада арнайы шеттетілген, тіпті мүлде қарастырылмаған.
– Қазақ халқы қазақ хандығының құрылуымен бірге пайда болды. Ал қазақ хандығы Алтын Орданың ыдырауы нәтижесінде, оның сол қанатының мұрагері ретінде пайда болған мемлекеттік құрылым. Сондықтан да Алтын Орданың заңды екі-үш мұрагері болса, ол – Қырым хандығы, ол – Қазақ хандығы және ол – Қазан хандығы. Солардың ішіндегі өз мемлекеттігін дербес жалғастырып отырған Қазақстан Республикасы – Қазақ хандығы. Сондықтан қалайық, қаламайық, заңды мұрагері болып шығады, – деді Берекет Бақытжанұлы.
Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қара Әбдуақап «Мұстафа Шоқайдың тарих зерттеу әдістемесі және Кеңестік тарихнамаға қатысты сындары» деген тақырыпта баяндады.
– Мұстафа Шоқай тарихты қарапайым оқиғалар жиынтығы емес, ұлттың болмысын, рухын және болашағын айқындайтын зияткерлік әрекет деп ойлайды. Оның айтуынша, ұлт өткен кезеңде жіберген қателіктерін білсе, оларды болашақта қайталамайды. Шоқай тарихтың саясаттандырылмау керектігін, тарихшының міндеті халықты жұбату емес, шындықты көрсету екенін мына сөздерімен айқындайды. Ол: «Бұл өзіміз үшін қаншама ащы әрі күйінішті болса да ашығын, бүкіл ақиқатын айтқан жөн. Өйткені біздің басты мақсатымыз – жіберілген қателіктерге тағы да оралмай, ұрынбай, оларды қайталаудан арыла отырып, алға жүру», – деді. Мұстафа Шоқайдың әдіснамасының ең қуатты қырларының бірі – тұжырымдарды әрқашан шынайы және тексеруге болатын сенімді деректерге негіздеу. Ол тарих зерттеулерінде күмәнді жорамалдарға емес, даусыз фактілерге және ресми-кеңестік құжаттарға сүйенуге айрықша мән берген. Ол былай дейді: «Мен партия және өзге де сиездердің хаттамаларын, кеңес мемлекеттік баспа ұйымның материалдарын келтіремін. Мен факт туралы айтамын. Ол фактілерді жоққа шығару мүмкін емес. Өйткені олардың барлығы кеңестік баспасөздің өзінде жарияланған. Ендігі міндет – оларды қабылдау және мойындау». Қорыта айтар болсақ, Мұстафа Шоқай үшін тарих идеологиялық мақсатқа икемделетін құрал емес. Дәлдікке, құжатқа және моральдық жауапкершілікке сүйенетін ғылыми пән, – деп ғылыми еңбегін баяндады түркиялық ғалым.

Әзірбайжанның Карабах университеті Ғылым департаментінің директоры, профессор, доктор Елчин Ибрагимов, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылыми Академиясының құрметті академигі Тұяқбай Рысбеков және басқа да ғалымдар ұлттық бірегейлік және жаһандану жағдайындағы рухани құндылықтар, мәдени мұра және тарихи сананы жаңғырту стратегиялары, тіл, әдебиет, түркітанудың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты баяндады. Облыстық қоғамлық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева жаһандану заманында конференция тақырыбының өзекті екенін атап өтті.

Ғылыми конференция секциялық мәжіліске жалғасты. Конференциядағы баяндамалар арнайы жинақ болып шығады.

Айна Имашева
«Орал өңірі»