Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы негізінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында Орал қаласында 1500 орынға арналған білім ұясы пайдалануға берілді, деп хабаралайды Орал қаласы білім бөлімінің баспасөз қызметі.
Сурет авторы: Бекзат Қанәділ
Салтанатты ашылу рәсіміне БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, мектеп ұжымы, ата-аналар мен оқушыларды құттықтады.
«Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Осы ретте біз балаларымыздың сапалы білім алу жолындағы тиісті жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды әрі қарай да жалғастыратын боламыз. Облысымызда екі жыл ішінде 22 жаңа мектеп бойы көтерді. Биыл төрт мектеп ашылды. Соның бірі Деркөлде бой көтерген «жайлы мектеп» 2025 жылы жоба аясында алты мектептің құрылысы жалғасады. Су тасқыны кезінде «Жұлдыз» шағынауданында көптеген үйлер тұрғызылған болатын. Сол шағынауданға да жаңа мектеп салынатын болады», – деді Нариман Төреғалиев.
Сонымен қатар мектеп құрылысын жүргізген на алғысын айтты. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынған «Жайлы мектептің» жаңа ұжымына сапалы білім беруде үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын атап өтті.
«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының ұлттық жобалар және өңірлік даму жөніндегі орынбасары Қуат Жылқыбаев сөз сөйлеп, ата-аналар атынан кент тұрғыны Қайролла Айтқалиұлы ізгі тілегін айтты.
Салтанатты рәсімде «KazConstuction Group» ЖШС директоры Мұратбек Қайырсапаұлы Мұхамбедиев білім ұйымының символикалық кілтін мектеп директоры Жақсығали Жұмабайға табыс етті.
Лента қию рәсімі жасалып, шараға қатысушылар мектеп ғимаратымен танысты.
Жайлы мектептің ауданы қарапайым білім ошақтарына қарағанда кеңірек, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық. Жалпы аумағы – 3 га, ғимараттың ауданы – 2 га. Мектеп үш қабатты, Балалар үшін бейнебақылау (180 бейнебақылау жүйесі), дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шаралары орнатылған: есіктер мен блоктар автоматты түрде құлыпталады.
Оқушыларға ыңғайлы болуы үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған.
4 спорт залы, 3 шеберхана, 56 сынып, 18 арнайы кабинет (физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған), кітапхана, мәжіліс залы, асхана бар. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі берілген.
Ерекше балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етілген: пандустар, лифт, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеті жасақталды.
Мектеп аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған алаңдар жасалған.